Батыс жарты шардың уақытымен бейсенбі, 7 сәуір күні, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында Ресейді БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесіндегі мүшелік орнынан шығарып тастау бойынша дауыс берілді. Ресейді кеңестен шығаруға 93 ел қосылды, Қазақстан мен Қытайды қамтыған 24 ел қарсы дауыс берді, 58 ел дауыс беруден қалыс қалды. Бұндай қарар Ресейді «адам құқықтарын ауыр әрі жүйелі түрде бұзғады» және Украинада халықаралық құқықты өрескен бұзды деген айыпқа байланысты қаралған еді.

Бас Ассамблеядағы мұндай мәселелерде қаулы қабылдау үшін бір тарап жалпы дауыс бергендердің үштен екі бөлегінен көп болуы тиіс. Бұл арада қалыс қалғандар есептелмейді. Сонымен, нәтижеде 24-ке қарсы 93 дауыстың басымдығымен Ресейдің БҰҰ Адам құқықтары кеңесіндегі мүшелігі уақытша тоқтатылды.

Әдетте халықаралық қауымдастықтың аталмыш маңызды кеңесінен бір елді шығарып тастау өте сирек жағдай. Дауыс беру алдында Украинаның БҰҰ-дағы өкілі Сергей Кислитя: «Ресей нормадан тыс әрекет етті – адам құқықтарын бұзып қана қоймай, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізін шайқалтты», – деді. Соған қоса Кислитя 7 сәуірдің Руандадағы геноцид күніне тура келетінін еске салып, әлемдегі бұндай жағдайлардың ұдайы қайталануында жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, адам құқығына қорған болудағы жауапкершілігін жеткілікті деңгейде орындамай отырған халықаралық қауымдастықтың да жауапкершілігі бар деген көзқарасын айтты.

Женевада орналасқан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше 47 мемлекет бар. Бас Ассамблея жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Қазіргі уақытта Ресей Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшесі, оның үш жылдық мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Оның мүшелігін уақытша тоқтатуға АҚШ көбірек себеп болды. Оның бастамасына 60-тан астам ел қол қойды.

Ал, Мәскеу болса Ресей әскерилері адам құқықтарын бұзды және зорлық-зомбылық жасады деген айыптарды бірнеше рет жоққа шығарды. Бұны Мәскеу билігі «жалған ақпарат» және Ресейді жаманатты көрсету үшін жасап отырған Украинаның әрекеті деп санайды.

The Qazaq Times