Қаңтардағы оқиға кезінде із-түзсіз жоғалған журналист Махамбет Әбжан әлі табылған жоқ. Осы ай басында елде наразылықтар ушығып тұрған тұста – 6 қаңтарға қараған түні оны полиция үйінен ұстап әкетпек болған.
Кейіннен тілші сыртқа шығып кеткен, сол күйі оралмаған. Бұған дейін полиция оны ұстамағанын айтқан.
– Адвокат Ішкі істер министрлігіне сұрау салған. Бұған дейін олар оны ұстамағанын айтқан. Бірақ бәрібір ресми жазбаша жауап түрінде алғымыз келеді. Қазір соны күтіп отырмыз. Сол жауапқа орай келесі қадамымыз да анықталады. Адвокатпен ақылдасамыз, - дейді журналистің әйелі Гүлзира Дүйсембаева 18 қаңтарда Азаттық тілшісіне.
Қазақстандағы наразылықтардан белсене ақпарат таратқан және шенеуніктерге өткір сұрақтар қойып жүрген тәуелсіз журналист Махамбет Әбжанмен байланыс туыстарының айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні үзілген. Сол күні оның үйіне полиция қызметкерлері барып, есікті ашуды талап еткен. Өзі сол кезде пәтерінің жарығы сөндірілгенін, полицияның газ шашатынын айтып қорқытқанын хабарлаған. Әйелінің айтуынша, бұдан соң тілші үйден шығып кеткен. Содан оралмаған. Туыстары оны полицияның ұстағаны-ұстамағанын нақты білмейді.
12 қаңтарда астана полициясы журналисті ұстамағанын хабарлаған. Әйелінің айтуынша, күйеуі әзірге із-түзсіз жоғалғандардың ресми тізіміне енгізілмеген.
Қазақстанның көптеген өңірін қамтыған қаңтар басындағы наразылықтар мен "тәртіпсіздіктерден" кейін елде із-түзсіз жоғалған туыстарын іздеген азаматтардың хабарламасы әлеуметтік желіде жиі жарияланып жатыр. Бірқатар белсенділер мен құқық қорғаушылар олардфң тізімін жасауға тырысып жатыр. Билік жоғалғандар жөнінде статистика айтпады.
Бұған дейін құқық қорғаушылар билікті оқиға жайлы барлық ақпаратты беруге, ұсталғандардың құқықтарын бұзбауға шақырған.