Жаңаөзендегі наразылық бүгін үшінші күнге ұласты. Облыс орталығы Ақтау мен Жаңаөзен қаласының орталық алаңдарында наразылық күн-түн демей жалғасуда. Денмонстранттардың әуелгі талабы сұйылтылған газ бағасына қатысты болғанымен, қазір көріп отырғанымыздай, наразылық саяси талаптарды да көтере бастады. 

 

Әлеуметтік желілердің аңысын аңдар болсаңыз, өңірлердегі, ресмпубликаның әр түкпіріндегі азаматтардың басым көпшілігі Жаңаөзен мен Ақтаудағы наразылықты қолдап отырғанын көруге болады. Кешегі 3 қаңтарда, жаңаөзендіктерге қолдау көрсетпек болған ел орталығы мен Алматыдағы, Шымкент пен Ақтөбедегі белсенділер ұсталды, алаңдарға жіберілмей полиция бөлімшелеріне әкетілді. Бұның өзі биліктің Маңыстау облысында басталған наразылық шарасынан қаншалықты үрейленіп отырғанын көрсеткендей болды. Ресми билік наразылықтың тұтас Республикаға жайылып кетуінен алаңдайды.

Сәл ғана бұрын президент Тоқтаев өзінің әлеуметтік парақшасында екі бірдей мәлімдеме жасады. Оның бірінде наразыларға "диалогқа дайын бол" деп нұсқаса, екіншісінде үкіметтік комиссияның жұмысқа кіріскені хабарланған. Яғни, үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кіріскені, оның құрамында Президент әкімшілігінің қызметкерлері де бар екені айтылған. Бұған қоса: "Республикалық оперативті штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелген", – деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Твиттер" парақшасында.

Наразы топқа ескерту мағынасындағы алдынғы мәлімдемесінде президент: "Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуы тиіс", – делінген.

Фото: Берік Уәлидің әлеуметтік желідегі парақшасынан.

 

Әлеуметтік желілерде президенттің 3 қаңтар таңғы 3:25-те жасаған мәлімдемесі түрлі талқыға түскені бар. Кейбірі, кейбірі бұндай сын сағатта халқына қоғамдық тәртіпті айтып "қорқытқаннан" көрі, үкіметтің диалогға ашықтығын танытуы керек еді десе, кейбірі "қоғамдық тәртіп" сөзінің мәні туралы талқылаған.

The Qazaq Times