Ресей президенті Владимир Путин Батыс елдері Украинаға қаратқан позициясын өзгертпесе, Ресей «тиісті әскери-технологиялық шараларды көреді» деп ескертті. Бұл туралы ол Қорғаныс министрлігіндегі отырыста мәлімдеген.
Кремль басшысының бұл мәлімдемесі Ресейдің жүз мыңға жуық әскері Украинаға жақын шекарада топталып, Киев пен Батыс елдері ауқымды басып алу әрекетінен қауіптеніп тұрған кезде жасалды. Путиннің айтуынша, Украина жеріне америкалық гипер-дыбыстық зымырандар қойылып, украиналық экстремистердің қолына америкалық қарулар берілуі мүмкін екен.
«Украинаға гипер-дыбыстық қарулар беріледі. Бұлар күні ертең қолданыла салмайды, бірақ елдегі экстремистерді қаруландырып Ресейге қарсы тұрғызады», – деген Путин Қорғаныс министрлігінің қызметкерлерімен кездесуде.
Мәскеу бұған дейін АҚШ пен өзге де НАТО мүшелеріне дағдарысты болдырмау туралы өз ұсыныстарын берген. Бірақ бұл Батыс елдері жағынан ультиматум деп қабылданды. Онда Ресей НАТО-ның бұдан ары шығысқа ілгерілемеуін және Украинаны ұйымға қабылдау шешімінен бас тартуды талап етеді, әрі бұның бәрін құқықтың тұрғыдан бекітуді сұрайды.
«Бұл ультиматум ба? Әлбетте, олай емес», – деп түсіндірген Путин өз ұсыныстарын. Ол соған қоса АҚШ-ты Югославияны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің рұқсатынсыз бомбалады және Ирак пен Сүрияға басып кірді деп айыптады. «Олар қазір Украина жерінде жасап жатқан немесе жасағалы жатқан, жоспарлап жатқан әрекеттері біздің шекарамыздан мыңдаған шақырым қашықтықта емес. Біздің үйіміздің босағасында ғана болып жатыр», – дейді Путин сөзінде.