Осы аптада отандық және шетелдік ақпарат құралдарының назарын аударған халықаралық маңызды саяси оқиғалардың бірі Ресей президенті Владимир Путиннің Үндістан сапары болды. Соңғы жылдары Үндістан АҚШ-қа көбірек жақындаса, Ресей Батыс елдерімен теке-тіресте Қытайға көбірек жақындады. Орыс және үнді лидерлерінің кезекті кездесуі қожырап бара жатқан Ресей-Үндістан қатынасын қайта жандандыруды мақсат етті.

Дүйсенбідегі Путин мен Моди арасындағы кездесуде Путиннің Үндістанға және орыс-үнді қатынасына қатысты бағасын көптеген ақпарат құралдары әр қырынан талдады. Путин сөздерінде Үндістанды «ғажайып үлкен мемлекет», «жақын дос ел» деп сипаттап, екі ел қатынасын «уақыттың сынынан өткен достық» деп бағалады. Бұндай лебізге орай Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди да жылы сөзін аяған жоқ. Ол соңғы бірнеше онжылдықтарда түрлі геосаяси теңдеулер пайда болса да, «Үндістан мен Ресейдің қатынасы қашанда тұрақтылық танытты» деді.

Әрине, Путин болсын, Моди болсын бұл қатарлы саясаткерлер әр сөзін белгілі бір мүддені көздей айтатыны бар. Сүйте тұра, жоғарыдағы лебіздер толықтай құр сөз де емес. Геосаяси ойын алыңының ережелері өзгеріп, ұстанымдар жаңарып, Ресей де, Үндістан да өзінің түбірлі мүддесіне сай жаңа серіктер, жаңа одақтастарға қарай белгілі деңгейде бейімделіп тұрды. Әсіресе, Қытайдың өсуімен Үнді-Тынық мұхит аймағының геосаяси картинасы айтарлықтай үлкен өзгерістерге ұшырады. Қытайдың арта түскен әскери-саяси һәм экономикалық ықпалына тосқауыл қою үшін АҚШ аймақтағы Жапония, Аустралия секілді одақтастарын, Оңтүстік Корея, Филиппин, Үндістан және басқа да серіктерімен түрлі бағыттағы байланысты дамытты.

Бұл жағдай Үндістанды АҚШ-қа жақындатты. 2020 жылы Дональд Трамп Үндістанға сапарлай барып, Нарендра Модидің жылы қарсы алуына бөленген. Екі ел ортасында қорғаныс қауіпсіздік ынтымақтастығы тарихтағы ең биік деңгейге дейін жеткен еді. Алайда, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықта Үндістанның ең сенімді серігі тағы да Ресей болып қала берді. Себебі, Үндістан әскери техникаларының үштен бірі Ресейден келеді.

2018 жылы Мәскеу мен Жаңа-Дели S-400 әуе қорғаныс жүйесі сату және сатып алу келісіміне келген еді. Сол кезде Үндістан үкіметі АҚШ-тың санкция қаупіне қарамастан ресейлік әуе қорғаныс жүйесін алу бойынша келісімге қол жеткізген еді, қазір S-400 әуе қорғаныс жүйесін Үндістанға жеткізіп беру басталып кетті. Бұл келісім орыс-үнді арасындағы ең үлкен қорғаныс ынтымақтастық келісімінің бірі саналады.

Сол тұста АҚШ Үндістанға ескерту жасап, Ресейлік қуатты зымыранға қарсы жүйелерді сатып алу Құрама Штаттардың 2017 жылы қабылдаған қауіпсіздік заңнамасын бұзатынын айтқан. Аталмыш заң негізінде өзге елдердің Ресейлік зымыран кешендерін сатып алуына тосқауыл қою үшін жасалғаны айтылады. Алайда, Үндістан тарабы бұл техникалар солтүстіктегі қуатты қарсыласы Қытайға қарсы мығым қорғаныс қуатын қалыптастыратынын алға тартып, Құрама Штаттардың ескертуін елеусіз қалдырған еді. Жаңа-Делидегі баспасөз жиынында Ресей СІМ басшысы Лавров «АҚШ-тың арандатуына қарамастан келісімнің уақытылы толық атқарылып жатқанын» атап өтті.

Бұл жолы да Путин мен Моди Ресей-Үндістан арасынағы әскери-технологиялық ынтымақтастықты тағы он жылға ұзартатын келісімдерге қол қойды. Олардың қатарына 600 мыңнан астам АК-203 автоматтарын сатып алу туралы келісім де бар.

Бұл жолғы Ресей мен Үндістан лидерлері арасындағы кездесудің ауқымы біршама зор болды. Тараптардың Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктері арасында да кеңейтілген диалогтар өткізілді. Нәтижесінде ккі тарап сауда-саттықты нығайтуға ниетті және энергетика және кеме жасау салаларында 28 инвестициялық келісімге қол қойды.

Талқы кеңестерде Ауғанстан мәселесі де сырт қалмады. Қазір Ауғанстанда басты ойыншы ретінде Қытай мен Пәкістан атала бастады. Ал, Тәліптердің билігі тұсында Орталық Азия мен Оңтүстік Азиядағы терроризм қаупті де Мәскеу мен Делиді қатар алаңдатып келеді. Осы тұтса Үндістан Ресеймен ынтымақтастықтың тереңдеуі Делидің ауған жеріндегі ықпалын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп үміттенері сөзссіз. Кездесуде Путин: «Терроризммен, есірткі бизнесімен және ұйымдасқан қылмыспен күрес» екі елдің алдында тұрған басты мәселе», – деп атап кетті.

Түйін

Путиннің Дели сапарынан белгілі болғандай, Ресей мен Үндістан жаңа одақтастық қатынасты құруға бет алды. Алайда, екі елдің көптеген мәселедегі айырмашылықтары да жетерлік, дәл осы айырмашылықтар Мәскеу мен Жаңа-Делидің болашақ қатынастарындағы басты сынаққа айналуы да мүмкін. Айталық, Ресей Азияда қауіпсіздік блоктарын құруға және төртжақты қауіпсіздік диалогы механизміне (Қытайға қарсы тосқауыл ретінде құрылған механизмге АҚШ, Жапония, Аустралия және Үндістан қатысып отыр) қарсы екенін білдіріп келеді.

Ал, жалпы тұрғыдан алғанда Үндістан соңғы жылдары АҚШ-пен ынтымақтастықты қарқынды дамытқанымен «Қырғи-қабақ соғысы» кезінде қалыптасқан Мәскеумен тығыз мәмілені де жетілдіріп отыруға мүдделі деп санайтын да сарапшылар бар. Үндістан АҚШ санкциясына қарамастан Ресейдің әуе қорғаныс жүйесін сатып алады, ал Путин пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын Үндістаннан бастайды. Яғни Ресей мен Үндістан бір-бірінен бас тартқысы келмейтінін көрсетті. Демек, Үлкен геосаяси алаңда бұны ескермей болмайды деген сөз.

The Qazaq Times