Швецияның Стокгольм қаласында кездескен АҚШ пен Ресейдің СІМ басшылары Украина шекарасындағы жағдайға байланысты бір-бірін қатаң сын-пікірдің астына алды. Бірі шекараға әскер топтап, Украина мәселесін қиындатты десе, енді бірі НАТО Шығыс Еуропада артық қимыл жасап жатыр десті. Сарапшылар Уашингтон мен Мәскеу ортасындағы бұл жағдайды «қауіпті әскери тіресудің басталуы» деп сипаттап жатыр.
Расында да Украина шекарасындағы жағдайға байланысты Батыс пен Мәскеудің пікірі қарама-қайшы. Батыс елдері Ресейдің Украинаға жақын шекара маңында 100 мыңға жуық әскерлерін топтап, ауқымды басып кіруге дайындалып жатыр деп қауіптенеді. Ал, Мәскеу болса НАТО Шығыс Еуропада өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруде және Минск Донбасс мәселесін қарулы күшпен шешуге әрекет етіп отыр деп санайды.
Стокгольмдағы кездесуде АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен Уашингтонның алаңдаушылығын жеткізе отырып, Мәскеу Ресей-Украина мәселесін жалғасты дағдарысқа кептей беретін болса қатаң санкцияларға тап болатынын айтып салды.
«Дағдарыстың бір ғана тиімді жолы – Дипломатия. Ресей Миниск келісімін орындап, Украина шекарасына жақын маңдағы қарулы күштерін шығарып кетуі керек. Құрама Штаттар Донбасстағы қарулы қақтығысты келіссөзбен шешуге қатысуға дайын. Ашығын айтар болсақ, егер Ресей тіресуді жалғастыра беретін болса, бұның соңы ауыр апатқа алып келеді», – деді Блинкен кездесуде.
Ресей бас дипломаты Сергей Лавровтың да пікірі қатаң болды, оның айтуынша НАТО Ресейдің ұлттық мүддесін ескерусіз қайырып қойып, Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырып отыр. «Әскери тіресудің ең нашар сценарийі пайда болуда. Украина мәселесі толассыз шиеленіске кетіп жатыр, алянстың әскери кешендері Ресейге жақындай түсті. Румыния мен Польшада зымыранға қарысы жүйелер орнатыла бастады. Америкалық орта қашықтыққа атылатын зымырандары Еуропада пайда болу алдында тұрады. Ресей ешқандай конфликтті қаламайды», – деді Сергей Лавров.
АҚШ, Ресей, Украина және ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлері арасындағы кездесуде қазіргі жағдайға байланысты талқы қайым айтысқа ұласқанын Украина басылымдары жазып жатыр. Тараптардың кездесуінен кейін сарапшылар Ресей мен Батыс арасындағы әскери тірес тіпті де өршіп, қауіпті қарсыласуға кетіп қалуы да мүмкін деген алаңдаушылықтар білдіруде.