Қазақстанда республикалық маңызы бар жеті бірдей автожолдың жұмысы ақылы режимге көшті.

Дүйсенбіден бастап ұзындығы 1,8 мың шақырым болатын төрт жолақты қозғалысы бар бірінші санаттағы «астана – Павлодар»; «Қапшағай – Талдықорған»; «Тараз-Қайнар»; «Шымкент-Тараз»; «Шымкент-Қызылорда»; «Шымкент-Ташкент»; «Щучинск-Көкшетау» учаскелері ақылы болды.

Естеріңізге сала кетейік, жолдарды ақылы ету бастамасы маусым айында көтерілген еді. Бірақ көлік жүргізушілер бұған наразылық танытып, әуелі жолдың сапасын жақсартуды талап еткен.

Транспорт дәлізіне жауапты «Қазавтожол» мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі І санаттағы жолдардың тарифтері 2013 жылғы мөлшерде қалатынын айтып келеді.

Осылайша,

  • жеңіл автокөліктер үшін ұзындығы 441,7 шақырым болатын Шымкент-Қызылорда жолымен жүру құны 420 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін — жолаушылар саны мен жүк көлеміне байланысты 2170-10 930 теңге аралығында белгіленді;
  • 375 км болатын астана-Павлодар бағытында жеңіл көлікке 380 теңге және автобустар мен жүк көлігіне 1870-9380 теңгеге дейін болады;
  • Тараз-Қайнар (237,5 км): жеңіл көлік үшін 230 теңге және автобустар мен жүк көлігі үшін 1190-5990 теңге;
  • Қапшағай-Талдықорған (186 км): жеңіл автокөліктер үшін 190 теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін 930-4660 теңгеге дейін;
  • Шымкент-Тараз (100,3 км): жеңіл автокөліктер үшін 70 теңге, жүк көліктері мен автобустар үшін 350-ден 1750 теңге аралығында;
  • Шымкент-Өзбекстанмен шекара (106,4 км): жеңіл автомобильге 90 теңге, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілері үшін 400-2100 теңге;
  • Щучинск-Көкшетау (60,7 км): автокөліктер үшін 50 теңге, жүк көліктері мен автобустар үшін 330-1600 теңге.

Қазір екінші және үшінші санаттағы жолдардың бағасы қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта олар да бірінші санаттан едәуір төмен бағамен ақылы түрге ауыстыру көзделген.

Министрлік мәліметінше, биыл тоғыз айда ақылы жолдан мемлекет қазынасына 5,75 млрд теңге қаржы түскен. Ең көбі астана-Теміртау бағытынан – 1,85 млрд теңге. Астана-Щучинск (1,65 млрд), Алматы-Қорғас (1,11 млрд), Алматы-Қапшағай (1,13 млрд теңге) түсім болған. Үкімет бұл қаржыға жолдың техникалық сапасын арттырып, күтіп-ұстауына жұмсауға уәде берген. Десе де жүргізушілердің бір бөлігі бұған күмәнмен қарайды.

The Qazaq Times