Келесі аптаның басында, қараша айының 1-інен Қазақстан жоғары білім беру саласында алғаш рет магистратураға қысқы емтиханға құжат тапсыру кезеңі басталады. QT редакциясы сұрауы негізінде Білім және ғылым министрлігі қысқы кезеңге арналған 3,2 мың гранттың салааралық есебін жариялады.
Талапкерлерді толғандырған мәселе – оқу жылына жоспарланған гранттардың игерілмеген бөлігі, яғни жазғы кезеңнен артылған квота саны туралы ақпаратты QT редакциясы бірнеше аптадан бері сұратып, ведомствоға хат та жолдаған. Білім министрі Асхат Аймағамбетов өткен бейсенбіде ОртКом алаңында өткен брифингте тілші сұрағына байланысты аталған мәліметті ведомство сайтына ашық дерек ретінде жариялауға уәде берген.
«Енді оқуға қабылдау жылына екі рет өткізіледі: дәстүрлі түрде – жазда және қосымша қыста тест тапсыра алады. Байқауға жазда грантқа түсе алмаған үміткерлер де, бұрын кешенді тестілеуден өтпегендер де қатыса алады. Талапкерлер 1 қарашадан бастап магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжаттарын тапсыра алады», – делінген министрлік баспасөз қызметі жолдаған хабарламада.
Тестілеуге қатысар алдын талапкер Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында тіркеуден өтеді. Құжаттар 1-15 қараша аралығында қабылданады, ал тестілеу 18 қарашадан 11 желтоқсанға дейін өтеді. Магистратура білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 25 желтоқсанға дейін өтінім беріледі.
Магистратураға мемлекеттік тапсырыс есебінен 3200 грант қарастырылған. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатары: «Химия» (172 грант), «Ветеринария» (169), «Механика және металл өңдеу» (156), «Металлургиялық инженерия» (137), «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын мен конструкцияларын өндіру» (132 грант), «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» (130) және т.б. 70-ке тарта мамандықтан тұратын толық тізім мен қажетті құжаттар жөніндегі ақпаратты ҰТО-ның мына сілтемесінен көруге болады.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлауынша, докторантура санатының қысқы кезеңіне 514 грант бөлінген. Бірақ олардың мамандықтар бойынша есебі берілмеді. Ресми жалпылама ақпаратқа қарағанда, PhD деңгейінде педагогикалық, өнер және гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат, бизнес, басқару және құқық, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына көңіл бөлінген.