21-26 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Лебяжье ауылындағы жеті қожалықта барлығы мыңнан аса құс тұмаудан қырылған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Басылымның жазуынша, қырылған құстың 130-ы тауық, 290-ға жуығы қаз, 582-сі үйрек болған. Осыдан кейін Лебяжье ауылында карантин шаралары қабылданған. Енді ауыл тұрғындар карантин аяқталғанша, құстарын сата алмайды, етке өткізе алмайды.

"Астанадағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтан келген сынақ хаттамасына сәйкес, құс тұмауының диагнозі расталды. Зерттеу жүргізілді. Үй құстарының тұмауды суда жүзетін жабайы құстардан жұқтырып алғаны анықталды" деді облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Тасболатов Азаттық тілшісіне.

Тасболатовтың сөзінше, көрші ауылдарда да зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, әзірге ол жақта құстар арасында тұмау тіркелмеген.

Биыл құс тұмауымен күрес аясында облысқа республикалық қордан 1 миллион 242 мың 200 доза вакцина бөлінген. Тұмау анықталған ауылда 1584 құсқа вакцина салынған. Құс тұмауы Солтүстік Қазақстан облысынан былтыр да анықталған. Ол кезде аурудан 1,5 миллион құс қырылып қалған.

The Qazaq Times