Сингапур билігі жақында Xavier атты екі жаңа полиция роботын шығарды. Олар қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті бақылайды әрі заңбұзушылықтарды анықтайды.
2020 жылғы мамырында Сингапур билігі COVID-19 пандемиясы кезінде әлеуметтік арақашықтық сақтау мақсатында Boston Dynamics Spot Robot Dog робот-итін қолданып, инновациялық жобамен танымалдығы артқан. Бишан-Анг Мо Кио саябағын бақылайтын бұл роботты әлеуметтік желі қолданушылары «Қара айна» («Черное зеркало» – орысша) сериясының футуристік және дистопиялық эпизодына ұқсатқан.
Жуырда Сингапур әкімшілігі ғылым мен технология агенттігі (HTSTA) Xavier деп аталатын тағы екі автономды роботты тесттік режимде пайдалана бастады. Олар қыркүйек айында қоғамдық орындардағы тұрғындардың карантин ережесін сақтауын бақылайды. Әзірге полицей-роботтар тесті жаяу жүргіншілер көп жүретін қаланың көрнекті орыны Тоа-Пайо-Сентрал орталығында жүргізіліп жатыр.
Роботтарға айналымы 360 градустық камера орнатылған. Темір-сақшылар тәртіпке қайшы қойылған велосипедтер, қоғамдық орындарда шылым тартқандар мен бес адамнан артық топтасу, маска режимін сақтамау, жаяу жүргіншілер жолағымен жүретін мотоцикл сияқты заңбұзушылықтарды анықтайды. Жоспарға сай роботтар құқық қорғау органдарының жұмысына көмектесуі тиіс.
Сингапур осыған дейін Дубай билігімен Robocop концепциясы үлгісінде робот-полицейлер дайындау жөнінде меморандум жасасқан. Өндіруші Сингапур қала-мемлекетіндегі беделді инновациялық Otswa Digital компаниясы әзірлеген O-R3 автономды робот-көліктері бірер жылдан бері Дубай көшелерінде полицияға көмекші құрал ретінде қолданылып келеді. Сингапурлық компания 2030 жылға қарай Дубай полициясының төрттен бір бөлігін роботтармен қамтамасыз ететінін мәлімдеген.
Ләззат Құмарбекқызы