Өткен аптада АҚШ, Британия және Аустралия ортасында қауіпсіздікке қатысты тарихи келісім жасалды. Келісім Аустралияға суасты кемелерінің озық технологиясын беруге жол ашады. Ағылшын әлемнің үш алыбы ортасындағы келісім әлемнің назарын өзіне аударды. Әсіресе, Қытай үкіметі бұл келісімді жаһандық жауапкершілікті ескермеу деп сынға алды.

Бейжің билігінің Британ, АҚШ және Аустралия ортасындағы келісімді айыптайтын өзіндік себебі бар. Айталық, Бейжің үшін бұл аса сезімтал геосаяси аймаққа айналып отырған Оңтүстік Қытай теңізіндегі мүддесіне қарсы жасалған қадам ретінде бағаланары сөзсіз. Қазір Оңтүстік Қытай теңізі әлемде қақтығыс қаупі жоғары аймақтардың бірі. Әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірі саналатын теңізде Қытай және бірқатар Оңтүстік Шығыс Азия елдері ортасында территориялық даулар бар.

Қытай СІМ тарабы үш ел ортасындағы қауіпсіздік келісімін «аймақтық қауіпсіздікке қасақана зиян келтіріп, қару-жарақ бәсекесін күшейтуге бағытталған» деп бағалапты. Әрі, «ескірген қырғи-қабақ соғысының менталитетімен жасалған шешім» аталған үш елдің ұлттық мүддесіне де кері әсер етіп жатқанын айтқан.

Осыдан кейін Қытай баспасөзінде АҚШ, Британия және Аустралия ортасындағы келісімді сынаған ақпараттық толқын басталды. Қытай коммунистік билігінің ағылшын тіліндегі ең ықпалды басылымы Global Times болса «Аустралия аталған келісім арқылы өзін Қытайдың ресми қарсыласына айналдырды» деп жазды.

Aukus келісімі нені білдіреді?

АҚШ, Британия және Аустралия ортасындағы жаңа ынтымақтастық Aukus деп аталады. Бұл арқылы АҚШ су асты кемелеріне арналған жаңа технологияны 60 жылдан кейін үшінші бір елмен бөлісіп отыр. Бұған дейін бұл технологиясын тек Британиямен ғана бөліскен. Келісімге сай Аустралия су астында кәдуелгі суасты кемелерінен жылдам жүзе алатын, бірнеше ай су астында еркін жүретін және алыс аралыққа зымыран ата алатын ядролық сүңгуір кемесіне ие бола алады дегенді білдіреді. Бұндай технологияға ие болған ел Оңтүстік Қытай теңізінде ғана емес тұтас Үнді-Тынық мұхиты сынды алып геосаяси аймақта қуатты күшке ие бола алады. Бұндай кемеден біреунің өзі Оңтүстік Қытай теңізіне кіретін болса бұл Қытай үшін соғыстың қызыл сызығымен бірдей.

Жаңа келісім жайында өткен аптада АҚШ президенті Жо Байдан, Британ бас уәзірі Борис Жонсон және Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисон ортасындағы онлайн-бірлескен баспасөз жиынында ортаға салынды. Үш елдің лидері де Үнді-Тынық мұхит аймағында барған сайын ушығып бара жатқан қауіпсіздік мәселесі кезек күттірмейтінін айтты. Егер ортадағы кейбір уақытша жасалған қауіпсіздік келісімдерін айтпаған күнде «Аукус» үш ел ортасында Екінші жаһан соғысынан бергі ең ауқымды қауіпсіздік келісімі.

Ослылайша Аустралия су астында жүзетін ядролық кемеге ие болған әлемдегі 7-ші ел ретінде тарихта қалмақ. Бірақ, «Аукус» алянсының Аустралияға беретін мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді, ядролық суңгуір кемеден тыс кибер қауіпсіздік, жасанды сана технологиялары, өзге де теңіз қауіпсіздігіне қатысты технологияларды да ортақ пайдалана алады. Бұған қоса Аустралия алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандарға де ие болады, әрі елдің солтүстік аймақтарына АҚШ әскерлерінің орналасуына мүмкіндік береді.

Қытайға қандай қысым түсті

Соңғы жылдары державалар арасындағы тартыс пен бәсеке Үнді-Тынық мұхит аймағында жүріп жатыр. Әсіресе, әлемнің бірінші және екінші экономикасы арасындағы стратегиялық бәсеке осы аймақтағы елдері күрделі халықаралық қатынастардың ортасына алып кірді. Қытай соңғы жылдары Оңтүстік Қытай теңізі сынды таласты аймақтағы әскери белсенділігін арттырып келген болатын. Батыс елдері Қытайдың Тынық мұхитындағы әскери агрессиясы артып кетті деп айтып келген.

АҚШ пен Британияның Аустралиямен жасасқан қауіпсіздік келісімі Қытайдың бұл аймақтағы әскери шығындарын еселеп арттырмақ. Себебі, Қытай өзінің стратегиялық мүдделерін сақтап қасыластарына жауап беру үшін әскери технологиясын, әсіресе теңіздегі әскери техникасын дамытуға қаржы жұмсауына тура келеді. Ішкі өнім құнында аса маңызға ие тұрақты мүлік саласы дағдарысқа ұшырап, сыртқы саудасы алдағы уақытта қауіпке тап болғалы отырған Қытай ірі теңіз державаларымен теңіздегі әскери күш бәсекесінде үлкен экономикалық шығындарға батары сөзссіз. Бұл Қытайдың бәсекеге қабілеттілігін біртіндеп әлсіретіп, әлемдегі «ағылшын қожалығын» бекемдей түспек.

The Qazaq Times