Тіркелмеген «Демпартия» митингісіне бір күн қалғанда партия белсендісі Ырысбек Тоқтасынның 15 тәулікке қамалғаны хабарланды. Бұл жайлы 17 қыркүйек күні Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның қызметкері, журналист Инга Иманбай Facebook-тағы парақшасында жазды.
«Тілді, тәуелсіздік пен елдікті қорғау үшін митинг жариялаған Демократиялық Партия белсенділеріне қысым басталды. Түнде Ырысбек Тоқтасынды митингке шақырғаны үшін деп үйінен алып кетіп, түнгі екіде сот өткізіп, 15 тәулікке қамап тастапты» деп жазды Инга Иманбай.
Белсендіге адвокат пен туыстарына байланысуға мүмкіндік берілмеген. Оның қазір қайда екені әзірге белгісіз.
«Демократиялық партия белсендісі Ырысбек Тоқтасынның қайда екенін таппай қалдық. Адвокат Жанара Балғабаева Алматы қаласындағы барлық уақытша ұстау мекемесіне хабарласып шықты. Барлығы да бізде жоқ дейді. Сонда түнгі екіде полиция ұстап алып кеткен белсенді қазір қайда?», – деп жазды журналист Facebook желісінде.
Иманбай санкцияланбаған митинг қарсаңында ұйым жетекшісі Жанболат Мамай, Абзал Достияров және Нұрбол Бәйтерекеовтің «бірнеше көлік ізіне түсіп аңдығанын, қысым жасалғанын» хабарлады. Құқық қорғаушының айтуынша, Бәйтерековтің үйіне Қарасай аудандық Полиция басқармасынан қызметкерлер келіп, шақырту қағазынсыз басшыға келуін сұраған. Бірақ белсенді заңды шақыртусыз бармайтынын ескертіп, барудан бас тартқан.
Азаматтық белсенді Ырысбек Тоқтасын бұған дейін де бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, 10, 15 тәулікке қамалған. Ол соңғы рет биыл шілдеде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында өткен «Демпартияның» қарсылық акциясы кезінде ұсталып, «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жазаға тартылған еді.
Тіркелмеген «Демпартия» лидері Жанболат Мамай және ұйымның тағы бірнеше белсендісі жақтастарын 18 қыркүйек күні Алматыдағы митингіге келуге шақырған. Олар қарсылық шарасында тіл мәселесін, саяси тұтқындар мәселесін көтеретінін мәлімдеген.