Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 7,6 мыңға артып, жалпы есебі 790 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Шілде айының ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқыны бәсеңдемей тұр. Тамыз айының өзінде сырқаттанған 148 мың адам анықталды және 2,5 мың адам көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 19 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7348 адам, ал 18-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 339 адам тіркелді және сәрсенбіде 163 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 122 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 117 мың, КВИ- бойынша 5,5 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мың шақты кейстік динамикада тұрған Алматы (1555) қаласы және Қарағанды (954) облысынан. Бұдан өзге астана (918), Атырауда (435), Ақтөбе (426), Алматы (400) өңірлері мен Шымкентте (415) эпидахуал тіпті нашарлай түскен. Павлодар (351), Ақмола (287), Жамбыл (265), Қостанай (261), Маңғыстау (238), Қызылорда (233), ШҚО (203), СҚО (171), БҚО (135), Түркістан (101) облыстарында дерт қаупі әлі сейіле қоймады. Осы бейсенбіде аурудан айыққан 5886 адам үйіне шығарылған. 18 тамызда жиыны 118 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Тамыздың 18-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 339 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сәрсенбі күні сырқаттар Шымкент (84), Жамбыл (44), Маңғыстау (30), Алматы (22), Қыхылорда (22), Ақтөбе (18) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 131 адам айығып шыққан, тағы 45 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 122 мыңнан аса науқастың 30 мыңы ауруханада, 92 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1918 науқастың жағдайы нашар, ондағы 551 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 248 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 723 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 67 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 790 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 14,9 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 8106, КВИ- / U07.2 – 4174, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 4,9 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,2 млн-нан асады.