Үстіміздегі сәуір айының 22 күні Әскери полиция қызметінің құрылғанына бас-аяғы 20 жыл толады. Осыған орай біз Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери полиция бөлімінің бастығы полковник Данияр Әбдібековпен сұхбаттастық.
– Данияр Мәлікұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын. Осы салада ширек ғасырға жуық қызмет атқарып келе жатқан, осы саланың иірім-қиырымын, ыстық-суығын тартып, терең тұрғыда білетін майталман азамат ретінде өзіңізге қояр ең әуелгі сұрағымыз – еліміздегі Әскери полиция қызметінің құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз?
– Білдірген ықаласыңызға, құттықтауыңызға рахметімді айтамын. Сұрағыңызға келсем, Әскери полиция Елбасының 1997 жылы 22 сәуірінде «Құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» Жарлығына сәйкес құрылды. Мұнан кейін Президент Жарлығының негізінде «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және қорғанысы жөніндегі» Заңының 10-шы бабына толықтыру енгізіліп, әскери полициясы қызметкерлерінің міндеттері мен құқықтары, мәртебесі мен мақсаты айқындалды. 2005 жылдың 21 ақпанында «Әскери полиция органдары туралы» арнайы Заң қабылданды.
Жалпы алғанда, Әскери полиция қызметінің түп негізін үш құрылым құрайды. Біріншісі – Қарулы Күштеріміздің барлық әскери бөлімдеріндегі әскери қызметшілер жасауы мүмкін қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтайды. Екіншісі - гарнизондарда, әскери құрылымдар мен әскерилердің отбасы орналасқан жерде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Үшінші құрылым - әскери автомобиль техникасын заңды пайдалануға беру мен әрі сапалы ұйымдастырылуын қадағалайтын әскери автомобиль полициясы. Әскери полиция әлемде 40-тан астам елде жасақталған. Олардың қатарында АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай және ТМД мемлекеттерінде бар.
– Шыны керек, әскери сала, негізінен ер адамдар еңбек ететін орта. Әскери өмірдің барлық тұрмыс-тіршілігі Әскери жарғыда егжей-тегжейлі жазылып та қойылған. Дегенменде темірдей тәртіпті ту етіп ұстайтын осы әскери ұжымдарда құқық бұзушылықтың ара-тұра кездесіп жататыны, бір қараған адамға түсініксіздеу болуы да мүмкін. Осы орайда ойыңызды білсек?
– Иә, сіздің нені меңзеп тұрғаныңызды түсіндім. Жалпы, әскер саласы тәртіптен құралған, яғни оның түп негізі – тәртіп. Онсыз болмайды да. Өйткені, әр мемлекет үшін өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден артық міндет жоқ. Бұл қызметті әуелгі атқаратындар олар - әскери азаматтар. Ол ортада берілген бұйрық тапжылмай орындалуы керек. Ал олай болмаса ше, егер бұйрық орындалмай, әркім өз бетімен жүрсе, ол әскер емес, тобырға айналады. Сондықтан да әскердің әуелгі күші тәртібі мен бекем бірлігі.
Әрине, әскери бөлімдерді техника құралдары емес, адамдар басқарып отыр. Сондықтан да «бес саусақ бірдей емес» дегендей, әр ортада командирдің, барша басшылық құрамның жұмыс істеу қабілетіне байланысты ұжым қалыптасады. Бір жерде жағдай қалыпты, бір жерде мүшкіл дегендейін. Қылмыс атаулы осыдан шығады. Қай жерде қадағалау саябыр сол жерде арам шөптей құқық бұзушылық қаулап шыға бастайды.
– Демек, полковник мырза кез келген қылмыс пен құқық бұзушылықтың салдарымен күрескенше олардың алдын алу пайдалырақ дейсіз ғой?
– Дәл солай. Адам үнемі қадағалауда болса, патриотизм рухындағы әңгімелер ұдайы айтылып, үздіктер үлгі тұтылып жатқан ортада жамандықтың орын алуы кемде кем. Біз, құқықтың алдын алу үшін ол құқық бұзушылық жайлы үндемей қоюдан гөрі, ол жайлы ұдайы айтып, көрсетіп отырсақ ұтарымыз көп.
Көп адамды, толықтай бір ұжымды тәрбиелеу де бір адамды тәрбиелеумен бірдей менің ойымша. Өйткені, кезінде ата-анамыз бізге жастайымыздан «жамандыққа барма», «олай істеме, бұлай істе» деп айтып тәрбиелейтін. Қарап отырсам, бұл алдын алушылық тәрбие негіздері. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын емделу орнында жатқан екі сарбаз кикілжіңге келіп, жұдырықтасып қалады. Біз Қарулы Күштердің ішкі қызмет Жарғысының 12 және 15 баптарын бұзған үшін қылмыстық іс қозғадық. Қаруласын әдейілеп ұрып, жағын бұза жаздаған сарбазды Алматы гарнизонының көшпелі сот отырысымен әскери бөлімде сот өткіздік. Мұның барлығы не үшін деп ойлайсыздар ғой. Бұл сол заңға қайшы қадамға барған азаматтың кінәсін өзінің жеке құрамы, әуелі қарулас, өзіндей сарбаз достарының алдында мойындатып, олардың да осындай іске бармауының алдын мақсатында жасалды. Мұндай шаралар адамға әсер ете ме дейсіз ғой. Әсер еткенде қандай?! Келеңсіздік атаулы сап тыйылып, тәртіп күшейеді. Қай орта да болмасын осындай алдын алу шараларының арқасында үлкен жетістіктерге жетуге болады деп білемін.
– Полковник мырза, адамның рухы деген ерекше нәрсе ғой. «Елім» деп тұрған азаматтар болғанда елді жау алмасы анық. Патриотизмді дегенді қалай түсінесіз?
– «Отан деген бір-ақ сөз. Бірақ осы бір сөздің мағынасына тең келер ешбір сөз жоқ» - деп еді ғой сонау бір қанды майданда қаза тапқан қазақтың талантты жазушысы Баубек Бұлқышев. Егер әрбір адам мен Отансыз өмір сүре алмаймын дейтін болса, міне Отанға деген сүйіспеншілік осы. Нағыз патриот өзінің ісімен, үлгі боларлық әрекетімен көрінеді. Патриот, Отан қорғаушы жастарды тәрбиелегенде елді тек қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау керектігін насихаттауымыз қажет. Отан қорғау жолында құрбан болған батыр, ержүрек ағаларымызды, аталарымызды, бабаларымыздың ерліктерін үлгі ете отырып, мемлекетіміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жолында көп пайдалы еңбек еткен азаматтардың да еңбегін ардақтағанымыз абзал.
Нағыз отансүйгіш азамат қана, ержүрек сарбаз бола алмақ. Сондықтан әр азамат тұла бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге міндетті.
Біле білсек, әскер ортасы патриотизмді адам бойына сіңіруде үлкен үлес қосатын сала. Менің ойымша, патриоттық тәрбие бойына сіңбеген: бала күнінен ерлер туралы ертегілер тыңдап, елдікті, ерлікті мадақтайтын тақпақтар жаттап, эпостық шығармаларды етене қабылдамаған, ұлттық рухты бойына сіңірмеген адамдардың бойында бес кісінің күші болса да патриот бола алмайды деп білемін. Ал тәрбиенің күшімен шыңдалған патриотизм, қынаптан суырылған қылыштай жарқ етіп, Отанды қорғау сағатында өз қуатын көрсетеді.
– Елбасының тапсырмасынан туындайтын «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша Сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Орынды сұрақ. Елбасымыз «.. дамыған қоғам барлық жерде тәртіппен реттілік орнатудан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек...», - деген болатын. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну оданда елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы - қоғамдықтәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.
Осыған байланысты, Әскери полиция бөлімімен жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде, өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер бойынша «Мүлдемтөзбеушілік» қағидатына байланысты өткен 3 ай мерзім уақыт аралығында барлығы 11, ал 2016 жыл бойынша 34 құқық бұзушылық деректерін анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарттық. Мұнан өзге заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға бағытталған «Құқық аптасы» профилактикалық іс-шараларымен «Мүлдемтөзбеушілік» акциясы үнемі ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ, өткен жылдың 12 айында бізге 334 әр түрлі хабарлама түсті. Оның барлығына да жедел әрекет етіп, анықтау шараларын жүргіздік. Ол бойынша: 223 хабарлама бойынша ақпарат расталмады, 34 хабарлама бойынша сот алды шаралары жүргізілді, 66 хабарлама басқа құқық қорғау органдарының құзіретіне бағытталды, 17 іс бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ал 2017 жылдың алғашқы тоқсанында әр түрлі 84 хабарламаны тексердік. Олардың 3 дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық деректері расталып, тиісті тұлғалар жазаға тартылды.
Сұхбаттасқан майор Арман ӘУБӘКІРОВ,
Алматы қаласы