Биыл Алматы қаласында 300 мыңға тарта оқушы 287 (207-сі мемлекеттік, 80-і жеке меншік) жалпы білім беретін мектепке барады. 30 мыңдай бала бірінші сыныпқа аяқ басқалы жатыр. Алматылық оқушылар пандемия жағдайындағы үшінші оқу жылын  қалай өткізбек?

12 тамызда Алматы қаласының білім басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаева ӨКҚ алаңында өткен брифингтередакция тілшісіне жаңа оқу жылындағы мектептердегі оқу процесінің ұйымдастырылуы жайлы сұрақтарға жауап берді.

«Қала мектептерінде жұмыс істейтін әкімшілік бөлім мамандарын қоса алғанда 36 845 қызметкер бар. Оның ішінде 32 126 маман екпе алған, ал өзге 4719 қызметкер денсаулық жағдайына байланысты вакцина салдырмаған», – деп хабарлады басқарма басшысы.

Жылқыбаеваның айтуынша, мектепке бөгде адамдар кіргізілмейді. Ал ата-аналар мен оқушының жақындары  Ashyq жобасы арқылы кіре алады. Егер мұғалім ауыра қалған жағдайда педагогикалық бағыттағы ЖОО студенттері және резервтегі мамандардың есебінен білім беру процесі жалғасатын болады.

Ата-аналары екпе алмаған жағдайда оқушылар мектепке қабылданбайды деген талап жоқ.  Дәстүрлі оқыту форматына өтетін 1-11 сынып оқушылары санитарлық нормаларды сақтауы керек. Мектептер қажетіне қарай мұқтаж отбасылардан шыққан оқушыларға  жеке гигиеналық қорғаныс құралдарының қатарынан медициналық бетперде мен антисептик тегін таратылатын болады.

Алматы қаласының білім басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаева. 12 тамыз 2021 жыл. Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Алматы қаласының білім басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаева. 12 тамыз 2021 жыл. Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

«Оқушы ауырған жағдайда сынып қашықтықтан оқытуға жіберіледі. Егер баланың отбасы мүшелерінің бірі я ата-анасы коронавирусқа шалдықса немесе байланыста болса, онда оқушы  қашықтықтан білім алады. Білім ошағында бұқаралық іс-шаралар өтпейді. Әр сыныпқа жеке кабинет бекітіледі. Бастауыш, орта және жоғары буын балалары үшін мектепке жеке кіру есіктері қамтамасыз етіледі (балаларды әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында мектепке әртүрлі кіреберістерден жіберетін болады), сондай-ақ ғимарат ішінде балалар фойе мен дәліздерде белгілері көрсетілген блоктар бойынша жүретін болады», – деді ол.

Барлық білім беру ұйымында көпшілікке ортақ санитарлық құрал-бұйымдар мектеп бюджеті тарапынан 100% қамтылмақ. Сонымен қоса, мектеп формасына қойылатын талап сақтала береді, бұл ретте классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат етіледі.

Кейінгі екі аптада Алматы қаласында 1778 баладан коронавирус анықталған. 1738 оқушы үйде, ал 40 бала стационарлық ауруханада емделіп жатыр.

The Qazaq Times