Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Талдықорған қаласы әкімінің әлеуметтік салаған жауапты орынбасары қарамағындағы қызметкерлері біраз уақыт жемқорлықпен айналысқаны әшкере болған соң лауазымынан босағанын хабарлады.
Қазір департаменттің тергеу басқармасы Талдықорған қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысына және бас маманына қатысты істі тергеп жатыр. Олар Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша пара алды деген күдікке ілінген. Бұл қызметкерлер әкім орынбасары Сәуле Арзанбекова қарамағында болған.
Тағылған айыпқа қарағанда, бөлім бастығы өзіне бағынышты бас маманмен сыбайласып, карантин шектеуі кезінде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, мейрамхана иелерінен және көшедегі сауда-саттық нүктелерінен 20 мың мен 270 мың теңге көлемде тұрақты түрде пара алып отырған.
Бұдан өзге тағы 5 мейрамхананың әкімшісі де пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.
Осы қылмыстық іс негізінде Алматы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы қала әкімінің қатысуымен кеңес өткізді.
Оның нәтижесі бойынша қызметкерлерінің бармақ басты, көз қысты әрекетін бақылай алмағаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жұмыстан босатылды.
2019 жылғы 10 желтоқсанда қайта қаралған «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес:
«Орталық мемлекеттік орган басшыларының орынбасарлары – өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға беруі керек».
Бұл ақпаратты Талдықорған әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
«Арзанбекова шынымен мемлекеттік қызметтен босатылды. Ол өз еркімен әкім орынбасары қызметінен кету туралы өтініш жазды. Оған өзі жетекшілік еткен мониторингтік топ мүшелерінің ұсталуы негіз болды», – деп нақтылады әкімдіктің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.
46 жастағы Сәуле Арзанбекова 28 жылдық еңбек өтілінің кейінгі үш жылын әкім орынбасары қызметінде өткерген. Еңбек жолын Талдықорған қаласы әкімі аппаратының хатшысы болып бастаған. Содан бері әкім аппаратының бөлім маманы, ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, әкім аппаратының бас маманы, Тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, осы уақытқа дейін Талдықорған қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.
«Аталған жемқорлық қылмысын тергеу жалғасып жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», – делінген департамент хабарламасында.
Өткен жұмада, 30 шілдеде Талдықорған қаласының Антикоры карантин шараларының іске асуын бақылауға міндетті мониторинг тобының мүшелерін ұстаған. Шенеуніктер пандемия кезінде бір емес, бірнеше кәсіпкерден жүйелі түрде пара алған деген күдікпен істі болып жатыр. Егер сот айыпты деп таныса, күдіктілерге қомақты көлемде айыппұл салынуы не мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.