Эпидкартада ең қатерлі «қызыл аймақтан» түспей тұрған астана мен Алматы қалаларында індет дендеп тұр. Халқы мен жедел жәрдем қызметінің жүктемесі әлдеқайда көп Алматы қаласында тіркелген науқастар саны астанаға қарағанда елеулі деңгейде аз.
Елордада үдеген дерттің себебінен күндізгі стационарлар мен жоспарлы емделу режимі жұмысын уақытша тоқтатып, ковидтік аурухана ретінде қайта бейімделіп жатыр. Бұл жөнінде астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов жеткізді.
«Аурушаңдықтың артуына байланысты қалалық ауруханаларды қайта бейіндеуге және күндізгі стационардың жұмысын, жоспарлы ауруханаға жатқызуды тоқтата тұруға тура келеді. Осылайша, басқа медициналық клиникаларға түрлі бағытта жүгінетіндер көбеюі мүмкін. Біз төсек-орындарды көбейтуге, қолда бар барлық ресурсты пайдалануға мәжбүрміз», − деді Мұратов.
Қазіргі кезде елордадағы 16 стационарда 3562 төсек дайындалған. Соның 72%-ы, яғни 2556 орны толған, 1006 орын әзірге бос. 262 кісілік жансақтау бөлімінде 230 науқас емделіп жатыр. 47 адам өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныстауда. Сонымен қоса, қазір 10,6 мың адам амбулаторлық бақылауда.
Мұратов адамдардың өз бетінше емделгендіктен ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатқанын айтады. Оның сөзінше, «медициналық көмекке уақтылы жүгінбей, үй жағдайында антикоагулянттар қолданған пациенттердің түгел дерлігі реанимацияға түсіп жатыр».
Жедел жәрдем қызметінің жүктемесі артқан: күніне 4 мыңға тарта қоңырау түсіп, мобильді бригадалар 2 мың шақыртуға барады. Ал Алматы қаласында мамандар тәулігіне 6 мыңнан аса өтініш келіп, 3 мыңдай шақыртуға шығады. Бір қызығы, астанада қоңырау Алматыға қарағанда едәуір аз болғанымен, анықталған науқастар қатары айтарлықтай көп.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте тіркелген 993 адамның 901-інде симптом белгілері бар, тағы 92 адам симптомсыз түрде ауырған. 21 шілдеде 402 адам ауруханаға жатқызылған.
– Жалпы қалада 2516 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 6090 орын болатын инфекциялық стационарларда 3099 адам емделіп жатыр. Жүктеме әзірге 51% шамасында. Олардың арасында 173 бала бар. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 228 науқас бар. 25 адам ӨЖЖ, 78 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 86 сырқат High flow аппаратымен дем алуда. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 5821 науқас бақылауға алынған, – делінген ресми хабарламада.
Ресми дерекке сәйкес, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни ақпан айынан бері астанада 206 мың, ал Алматыда 415 мың адам екпенің толық дозасын салдырған. Сарапшылар олардың арасында жалған паспорт жасатқандар болуы әбден мүмкін екенін ескерген жөн дейді.
Пандемия кезінде коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары төртінші толқында астанада 94 мыңға (81 мыңы КВИ+, 6 мыңы КВИ-) жетсе, Алматыда 93 мыңға (86 мыңы КВИ+, 6 мыңы КВИ-) жуықтады.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 510 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 59 мыңға жуықтады. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 569 мыңға шамалады. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 11 122 адам (КВИ+ / U07.1 – 5180, КВИ- / U07.2 – 3575, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Осылайша, Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 42-орында тұр.