Еуропада пандемия кезіндегі ахуал әртүрлі: Финляндия елде коронавирустың төртінші толқыны басталғанын жарияласа, Ұлыбритания халқы қалыпты өмірге оралды.
Финляндия ұлттық денсаулық сақтау институтының денсаулық сақтау департаментінің басшысы Мика Салминен елде «дельта» штамы тез тарап, эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлағанын хабарлады. Осыған байланысты мұнда карантин шектеулері қатаңдатылды.
Франция үкіметі COVID-19 вирусымен күресу шараларын қатаңдату туралы заң жобасын мақұлдады. Жоба Францияда кафелерге, мейрамханаларға, сауда орталықтарына, театрлар мен мұражайларға бару үшін санитариялық рұқсатты енгізуді, сондай-ақ медицина қызметкерлерін міндетті түрде вакцинациялауды көздейді.
Ұлыбританияда осы аптадан бастап шектеу шаралары алынды. Енді тұрғындарға маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтамаса да болады. Түнгі клубтар, театр мен стадиондар келушілерді қабылдайды. Қашықтан жұмыс істегендер кеңсеге оралады. Ал вакцинаның екі дозасын алған британдықтар шетелден қайтып келгенде, карантиннен босатылады.
Ұлыбританиядағы бұл локдаун Еуропадағы ең ұзақ шектеу шарасы болды. Қаңтардың басында енгізілген карантин маусымның аяғында алынып тасталуы тиіс еді. Алайда коронавирустың дельта штамына байланысты бұл шешім кейінге шегеріліп, билік екпе салу науқанын күшейтті. Қазір Ұлыбритания Еуропа бойынша вакциналау қарқыны жағынан алда келе жатқан елдердің бірі саналады. Локдаунның алынуын асыға күткен жұрт 19 шілдені «Еркіндік күні» деп атап кетті.
Соңғы күндері корольдікте вирус жұқтыру деректері 50 мың шамасында тіркеліп отыр. Мамандар «дельта штамына қатысты жағдай бақылаудан шығып кетсе, тәуліктік өсім 100 мыңнан асып кетуі мүмкін» дейді.
Ұлыбритания – Еуропада індеттен ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Індет басталғалы коронавируспен 5,2 миллион науқас тіркелген, оның 129 мыңға жуығы қайтыс болған.
Қазір әлемде коронавирустың тез тарайтын әрі қаупі жоғары «дельта» варианты өршіп тұр. Ал басында үлкен қарқынмен күш алған вакциналау науқаны көп елде тежеліп қалды. Осының салдарынан біршама ел коронавирус вакцинасын салдыруды міндеттей бастады.