Қазақстанда індет қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейде өршіп, коронавирус пен осы тектес пневмонияға шалдыққандар саны тағы 4542 адамға артты. Дүйсенбі күні 60 шақты адам көз жұмды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 13 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 4375 адам, ал 12-сі коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 167 адам тіркелді. Қазір елде 45 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 43 795, КВИ- бойынша 1487) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1128),  Алматы қаласы (640) және Қарағанды облысында (589) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (342), Атырау (320), БҚО (187),  Маңғыстау (180),  Ақмола (148), Павлодар (143) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 2960 адам айығып шығып, үйіне жіберілген. Осы дүйсенбіде жиыны 53 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 12 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 167 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар Атырау (25), Алматы облысы (13), ШҚО (13), Ақмола (12), Алматы (11), астана, Қарағанды және Маңғыстау (әрқайсында он-оннан) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 76 адам айығып шыққан, тағы 6 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 45 282 науқастың 14,5 мыңнан астамы ауруханада, 30,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 880 науқастың жағдайы нашар, ондағы 198 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 116 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Өткен күнгі дерек бойынша, вирустың таралу қатері жағынан астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, Ақтөбе,  БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстары «қызыл аймаққа» енді. Алматы, Жамбыл, Қызылорда өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 466 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 58 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 524 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 10 640 адам (КВИ+ / U07.1 – 4769, КВИ- / U07.2 – 3504, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 541 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.

"The Qazaq Times"