Израильде жаңа үкімет құрамы жасақталып, басқару қорғаныс министрі болған Нафтали Беннетке өтті. Енді елді 12 жыл басқарған Биньямин Нетаньяху отставкаға кетеді.
Соңғы сайлауда премьер-министрдің партиясы ең көп дауыс жинағанмен, үкімет құра алмады. Өйткені мүлдем одақтасы қалған жоқ. Биньямин Нетаньяхудің өзі сайлау бұрмаланған деп санайды. Жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат берген Нетаньяху: «Ел тарихында, тіпті кез келген демократия тарихында бұрын-соңды болмаған сайлау нәтижелерінің бұрмалануына куә болдық. Біз бұған ұқсас оқиғаны табуға тырыстық», – деді. Дегенмен, сайлау бұрмаланғаны жөнінде дәлел жоқ.
Нетаньяху құра алмағаннан кейін министрлер кабинетін құру мандаты оның басты бәсекелесі, «Еш Атид» партиясының жетекшісі Яир Лапидке бұйырды. Үш аптаға созылған келіссөздерден кейін ол үкімет жасақталғанын президентке баяндады. Алайда оны Нафтали Беннет басқарады. Тек осы шарт орындалған жағдайда ол коалицияға кіруге келісті. Бұл коалициялық жүйенің бір ерекшелігі. Елдегі ең жоғары лауазымға сайлауда шамамен 5% дауыс жинаған кандидат ие болды.
Заң бойынша министрлер кабинеті 4 жылға құрылады. Алайда ел тарихында ешбір үкімет мерзімінің соңына дейін отыра алған жоқ.
Израиль парламенттік республика болғандықтан, Кнессет жоғарғы билік органы саналады. Кнессетке сайлау өткеннен кейін Израиль президенті сайланған фракциялармен отырыс өткізіп, коалициялық үкіметті құрай алатын фракциялар басшыларының біріне үкіметті құруға міндеттейді.
1996-1999 жылдары Кнессетке премьер-министр бүкілұлттық дауыс берумен сайланды. 1996 жылы үкіметті Биньямин Нетаньяху, ал 1999 жылы Эхуд Барак басқарды. 2001 жылы Барактың қызметтен кетуі нәтижесінде премьер-министр қайтадан тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Кейін елде премьер-министрдің тікелей сайлау процессінен бас тартты.
Үкімет Кнессет мүшелерінің көпшілігімен мақұлдануы керек. Кнесеттің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.