Кеше, 18 мамырдан бері Тәжікстанда ресми сапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Тәжікстан астанасы Душанбеде ел президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, шағын форматта екіжақты келіссөз өткізді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
"Тараптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ саяси диалогты нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жағдайын талқылады. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәлелелері қозғалды" делінген Ақорда таратқан ресми хабарламада.
Ақорданың жазуынша, кездесу барысында президент Тоқаев халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталып, екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ аясындағы өзара табысты ынтымақтастығын атап өткен. Күн тәртібіндегі нақты қандай мәселелер екені Ақорда таратқан хабарламада анық айтылмаған.
Тоқаев Тәжікстанға қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығысстан кейін барып отыр. Алайда кездесу барысында бұл мәселе жайлы сөз қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Бұған дейін ол 28-30 сәуірде Ферғана алқабында болған қарулы қақтығысқа байланысты алаңдаушылық білдіріп, екі жаққа да тиімді шешім іздеп, тараптардың өзара сенімін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтқан еді. 3 мамырда Тоқаев қос мемлекет басшысымен сөйлесіп, оларды ұстамды болуға үндеген.
Бұл - Тоқаевтың жыл басталғалы шетелге жасаған алғашқы сапары.