Израиль Газа секторында әуе және құрлық операцияларын бастамақ. Қазір олар резервтегі 9 мың әскерін Газа шекарасына тарта бастады.
10 мамыр түнде Израиль әскерилері Газа секторына әуеден 130 соққы жасағанын, әуе соққысы кезінде қарулы адамдардан бөлек қару-жарақ сақтау орындары, қоймалар, туннельдер нысанаға алынғанын мәлімдеді. Израиль Газаны басқарып отырған ХАМАС (бұл қозғалысты Израиль, АҚШ, ЕО және басқа да елдер террористік ұйым деп таныған, Ресей террористік ұйым деп санамайды) пен басқа да қарулы топтар 200 ракета атты дейді.
13 мамырда ХАМАС тобы Тель-Авив пен Израильдің өзге аумақтарына қарай жүздеген зымыран ұшырды. Өз кезегінде Израиль Газаға тағы да соққы жасайтынын айтты. Халықаралық қауымдастық тараптарды жағдайды ушықтырмауға шақырды. Бірақ БҰҰ-ның атысты тоқтатуға шақыруы еш нәтиже берген жоқ. Өз кезегінде АҚШ президенті Джо Байден Израильді қолдайтынын мәлімдеді. Ал Израиль премьер-министрі ХАМАС тобына шабуылдай беруге уәде берді. Байден Нетаньяхуды аймақтағы елдер оның ішінде, Египет, Иордания, Катар сонымен бірге Палестина тарабымен өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанынан да хабардар еткен.
Таяу Шығыстағы шиеленіс өткен айда ушыға бастаған. Оған Израиль сотының Иерусалимдегі Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды көшіру туралы шешімі себеп болды. Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, астанамыз деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындамады. Палестиналықтар Шығыс Иерусалимді өз жеріміз әрі болашақта құрылатын тәуелсіз еліміздің астанасы болады деп санайды.