Сәрсенбі күні Мәжіліс отырысында «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңның жобасы мақұлданды. Өзреріске сәйкес жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылмақ. Тағы бір заң жобасы негізінде ресейлік зымыран ұшыруды тоқтату мерзімі нақтыланды.

Мәжілістің осы өзгерісті енгізген маманданған комитет қорытындысында «хаттама бойынша келісімшарт мерзімі туралы 4-бап өзгеріп, уақыты 2050 жылға дейін ұзартылады» делінген.

Заң жобасын таныстырған цифрлық даму әрі аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағын «1994 жылы экономикалық  дағдарыс кезінде» Ресейге беруге шешім қабылданғанын еске алды.

«Байқоңыр» кешені Ресей Федерациясының жалға алу жағдайында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Жалға беру шартына сәйкес «Байқоңыр» кешенін жалға беру мерзімін келесі 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. Бұдан өзге «Байқоңыр» кешенінің қызмет етуінің түрлі мәселелерін реттейтін тағы 70-ке жуық халықаралық шартқа қол қойылды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы сақталып, ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Республикалық бюджетке жыл сайын «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы түседі», – деді ол.

Кешен жалға берілген 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд АҚШ доллары сомасында қаражат түскен.

Сонымен қоса, мәжіліс «Байқоңырдан» зымыран ұшыруға қатысты заң  жобасын қабылдап, сенатқа жолдады. Үкімет мүшесі енді ғарыш айлағынан ұшырылатын «Протон» зымыран тасығыштар саны қысқармақ, осылайша 2026 жылы біржола тоқтатылады деп сендірді.

«2016 жылы Ресеймен жыл сайын бестен артық «Протон» зымыран тасығышын ұшырмау жөнінде келісім жасалды, 2026 жылға таман оны пайдалануды мүлде тоқтатады», – деді Мусин.

Министрдің айтуынша, 2020 жылы Ресей «Протонды» Байқоңырдан бір-ақ рет ұшырған. Ал биылға зымыран ұшу жоспарын әзірге белгісіз.

"The Qazaq Times"