Қазақстанда 1 млн 486 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасы егілген. 1 ақпан мен 4 мамыр аралығында шамамен 401 мың адамға, яғни халықтың 2,1%-ы вакцинаның екі дозасын толық алған. Парламентте екпе алатын күндердің мерзіміне байланысты дауға ған нүкте қойылғандай болды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сәрсенбі күнгі мәжіліс отырысындағы мәлімдесінде вакцинаның екі дозасы арасындағы уақыт 45 күннен артық болмайды деді.
Сәуір айының соңынан бастап Қазақстанда «Спутник V» вакцинасының қос дозасының аралық мерзімі 1,5 айға ұзартылған еді. Оған дейін 21 күннен кейін екінші дозасын салып келген еді. 1 мамырда бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов 90 күн ішінде вакцина егуге болады деп мәлімдеген. Тәуелсіз ғылыми-медициналық Medsupport ұйымы Қиясовтың бұл шешіміне қарсы шығып, адам екінші доза алмаса вирус жұқтырып алуы мүмкін деп дабыл қаққан.
Сәрсенбі күні, бүгін Алексей Цой депутаттың «вакцинаның екі дозасын алған адамды егілген адам деп санауға бола ма?» деген сұраққа «иә» деп жауап берді.
«4 мамырдағы жағдай бойынша, 347 774 адам екі компонентпен де егілді. Дәрігер ретінде екпенің екі дозасын алған адам ғана вакцинацияланған деп саналатынын білемін. Сіздің ұстанымыңыз қандай? Сіз бір дозаны немесе екі дозаны алған адамды вакцинацияланған деп санайсыз ба?», – деп сұрады мәжіліс депутаты министрден.
Бұл сауалға «Егер бұл екі дозалық вакцина болса, онда әрине вакцинаның екі дозасын алу керек» деді Цой. Министр екпенің бірінші дозасын алғандарға міндеттті түрде екіншісі де егілетінін алға тартты.
«Азаматтарға бірінші компоненті салынса, екінші компоненті 21 күннен кейін «қуып жетеді», екінші дозасы ең көп дегенде 45 күн ішінде салынады. Қалай болғанда да азаматтарымыз екінші компонентін алады» деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, вакцинаның бірінші дозасы егілген күннен бастап 15 күн өткен соң адамдарда антидене пайда бола бастайды.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин екпе дозасының дедлайны мен вакцинация науқанының баяу жүріп жатқаны жайлы депутаттардың сұрағынан кейін «эквилибристика» туындағанын айтып, сөзге араласты.
«Журналистермен, халықпен кездескенде қолда бар цифрларды жасырмай, ашық айтыңыз. Ал мынау эквилибристика бәрінің тепе-теңдігін бұзды. Қазір ғана екінші доза 21 күннен кейін егіледі дедіңіз. Ал орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Сіз максимум 45 күн деп отырсыз. Барлығын шатастырып жібердіңіз! Адамдардың басын қатырмайық. Егер екі вакцина болса, демек, екеуін де салдыру қажет. Он бес күннен кейін антидене пайда болады деп ақталып жатқанға ұқсайсыз, Алексей Владимирович. Екі вакцина алған адам ғана вакциналанған деп саналады. Міне, соларды есептеу керек», – деді спикер Нығматуллин.
Сонымен, даудың соңында екпенің екі дозасын толық алған адам ғана вакциналанған деп есептелетін болды.
Қазір елде ресейлік «Спутник V», қазақстандық QazVac және БАӘ елінде жасалған Қытайдың Sinopharm компаниясының Hayat-Vax екпесі салынып жатыр.