Қазақ халқы көшпелі өмір-тіршіліктен тартып бүгінге дейін қоршаған ортаны, табиғаттың қыры мен сырын бақылау арқылы өмір тәжірибелерін толықтап отырған. Соның маңызды бір бөлегі ауа райына қатысты болжамдар.
Күннің тұманды мұнардан көтерілуі ауа райының ыстық болуының нышаны. Ал батар күн қызыл шапаққа малынып барып ұясына кірсе, ертеңінде шыжыған ыстық болатынын білдіреді. Қыс айларында көкжиек ашық болып, қызыл шапақ шашса ауа райы жылы болатындығының нышаны.
Күн көзі жаз айларында бұлттанып батса жаңбыр болады. Бұл қыс айларында қардың нышаны. Күннің қоралануы қыс айларында қардың қалың болуына бастайды. Ал Айдың қоралануы қыстың қатты болуының нышаны.
Қазақтың «күн қораланса күрегіңді, ай қораланса аяғыңды сайла» деген мәтелі осыдан айтылған. Мұның мәнісі күн қораланып, қар қалың түссе, күрекпен қорық ашуға тура келеді. Ай қораланса түйеге жүгіңді артып, қоныс аударуға тура келеді дегені.
Күн құлақтанып шықса, не боран, не аяз болады. Күн құлақтанып батса, ауа райы жылынуға бет алғаны. Егер жаңа ай шалқалап туса, ол айда ауа райы малға жайсыз болады. Егер жаңа ай тік туса, аура райы малға жайлы болғаны.
Қазақтың есепші, жұлдызшыларның бақылауы бойынша маусым айының бірінен бастап үркер көкжиектен көтерілмейді, содан шілде айының он жаңасында көрінеді. Ал, 21 шілде үркер айдың қасынан көруге болады. Үркер мен Айдың қатар көрінуін қазақ «Тоғыс» деп атайды.
Бір жылда он рет тоғыс болады: 21 шілде, 19 тамыз, 17 қыркүйек, 12 қазан, 13 қараша, 11 жетоқсан,3 ақпан, 5 наурыз, 9 сәуір, 7 мамыр күндері. Тоғыс кезінде Үркер мен Ай бір-бірінен алыс болса, халық тәжірибесінде «бұл екеуі бір-бірімен қырбай болған екен, қырсық мал мен жанға тимесе» деп қауіптенеді екен. Ал егер Үркер мен Ай жақын орналасса, шаруақор қазақ «міне екеуінің жайы жараса қалған екен, мал мен жанның жағдайы жаман болмас» деп отырады.
Егер жаз айларында көк жүзі күн жеген шүберектей бозарып көрінер болса, қыстың әдеттегіден қатал келетінін аңғартады. Шықтың қалың түсуі шөптің қалың шығуының нышаны. Егер қыс айларында бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райының бұзылайын дегені. Ал, егер бұлт шетінен кетілсе, ауа райы оңалуға беталғаны.
Егер қыс айларында бұлт жерге қарай көшсе, кешікпей қар жауады. Ал жаз айларында бұлт желге қарсы көшсе, кешікпей жаңбыр жауады. Егер көкжиектен будақ бұлт өркештене көтеріліп, кешікпей көрінбей кетсе, қатты жел тұрып, қақаған аяз болуы мүмкін. Егер будақ бұлт өркештенген қалпы көтеріле берсе, аттың қара қапталынан келетін қар жауады, мұндай бұлтты қазақ «Найзағай бұлт» деп атайды.
Егер түстіктен ұзақ соққан жел бағытын өзгертіп, шығыстан соғар болса, ауа райы жақсарады. Ал түстіктен ұзақ соққан жел бағытын өзгертіп батыстан соқса, ауа райы бүлінеді деп болжайды. Бұндайда жаз айларында аңқаңды кептірер аңызғақ болса, қыс айларында сүйек сырқыратар үскірік соғады. Жаз құйынды болса қыс аязды болады.
Егер қазан айында күн күркіресе, қыс қамшы сабындай келте болады. Жаз нажағайлы болса, қыста малға жайлы болады. Егер қыс айларында түйе ернін жыбырлатса, жылқы жұтынар болса, онда кешікпей түйе мен жылқы қар суын ішеді, яғни көктем ерте келелді деген сөз. Егер жылқы оқыранып жататын болса, боран соғарының белгісі. Егер қой тұяғы мен төсін қасыса, қар қалың түсуінің нышаны. Егер қой тісін қайраса, кешікпей-ақ боран соғады. Егер қой қыстың күні қораға еркін кірсе, ау райы жақсы болуынан дерек береді.
Ауа райын бақылауда ескеретін істер
Күз белгісін ең алдымен аққайың сезеді. Басқа ағаштан көрі жапырағы ерте сарғаяды. Егер өсіп тұрған аққайыңды бақылап жүрген болсаңыз, одан бір сары жапырақ үзіледі де ауада біраз қалықтап тұрып барып жерге түседі. Бұл таяу күнде ауа райы бұзылатынының белгісі.
Егер бұғы не арқар мүйіздерін ағашқа, не тасқа қайта-қайта сүйкей берсе, онда күз жылдағыдан ерте келіп әрі салқын болады. Күздің алғашқы күнінен бастап сауысқан ескі үйлермен шатырды торуылдап жиі шықылықтаса, ол – қыстың қатты болатыны туралы хабары. Өйткені оны алдын ала сезген сауысқан өзіне күзден бастап жылы ұя әзірлеуге кіріседі.
Егер орман-тоғайлар, қыстауларда саңырауқұлақ аз өссе, онда қыс әрі суық, әрі қатты болады. Тауықтар мен кекіліктердің қауырсындары үрпиіп, айдары қызарса, күн суытып жауын жауады. Егер тікендер мен алабота сабақтары төмен қарай иілсе, онда күн суытады.
Түркістан Қайысбайұлы
"The Qazaq Times"