Ресей Мьянмаға әскери қару-жарақ сатуын көбейтуде және сол елдегі әскери төңкеріс жетекшісі Мин Аң Лайды қолдауды күшейткен. Сарапшылардың пікірінше, бұл Ресейдің Оңтүстік Шығыс Азиядағы ықпалын қару-жарақ сату арқылы кеңейтуіне жол ашып отыр.
Әскери сала мен ұлттық қауіпсіздік тақырыптарында зерттейтін «Джейнс» тобының Бангоктағы сарапшылары Мәскеудің Оңтүстік Шығыс Азиядағы қадамдарына баса назар аударып отырғанын аңғартты. Аталған компанияның қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Энтони Дэвистің айтуынша Ресей аймақтық экономикалық ұйым АСЕАН-мен қарым-қатынасты ілгерілетуге үміттенеді, сонымен бір уақытта, қару-жарақ сату арқылы өңірдегі өз ықпалын күшейтуге де көпбірек үміт артып отыр.
«Ресей Мьянмаға ғана емес, Мьянма арқылы АСЕАН-ға кеңірек орнығуды көздеп отыр», – дейді Дэвис. Ол сондай-ақ Мьянма ісі бойынша Қытай мен Ресейдің АСЕАН саммитін шақыруына таң қалудың қажеті жоқ деп санайды. АСЕАН Мәскеу мен Бейжің үшін барынша терең байланыс орнатқысы келетін ұйым. Әрі, Қытай мен Ресей бұл ұйымға өз ықпалын орната аламыз деп сенеді.
Мәскеу мен Бейжіңнің бұндай сенімге ие болуына өзіндік себептер бар. АСЕАН соңғы кездері дағдарыстарды шешу бойынша әлсіздік танытқаны үшін сынға қалған ұйым. Оның үстіне ұйымда ұйым мүшелерінің ішкі ісіне араласпау принциві үнемі насихатталып отырады. Мүшелерінің көбі бір партиялы немесе әскери билік ықпалындағы ұйым болғандықтан Ресей мен Қытай өз ықпалын оңай орнатуы да мүмкін.
Әрине, Мьянмадағы әскери төңкеріс болашақта экономикалық даму жағынан көш басшы аймақ болады деп отырған өңірде көптеген сынақты ала келді. Бұл сынақтардың ауырлығы АСЕАН ұйымына көбірек білініп отыр. Аталған ұйым үшін өз ықпалындағы дағдарысты шешу қабілетіне жаңа сынақ ретінде көрініп тұр. Қытай өзінің өндірісі, импорты мен экспортына байланысты өңірдің тұрақтылығына мүдделі. Ресей болса Мьянмада тоталитарлық режим пайда болса оны қолдауға әзір екенін қазірден аңғартып отыр. Тіпті, ресейлік ақпарат құралдары қазірдің өзінде генерал Мин Аң Лайды демократияны қорғаушы қатарында атап жатқаны жасырын емес.
Байқап отырғанымыздай, бізге көршілес екі өңірлік державалар Оңтүстік Шығыс Азиядағы жаңа жағдайды өз тұрғысынан бақылауға алуға ұмтылуда. Ең қызығы, Мьянмадағы жағдай Ресей үшін аса бір таңқаларлық таңсық жағдай болмады. Себебі, әскери төңкерістер бір апта бұрын ғана Ресей қорғаныс министрі Шойгу Мьянмаға сапарлап қайтқан еді.
Мьянма жағдайы барған сайын шиеленісе түсуде. Ел ішінде әскерилердің зорлық-зомбылық әрекеті күшейіп, Мьянманың көптеген этникалық топтары, оның ішінде қарулы топтарының өзі әскерилерге қарсы халықтық қозғалысқа қолдау көрсете бастады. Мьянма дағдарысы ұзаққа созылған сайын ондағы державалардың ойыны да сұрапыл бола түспек. Ресейдің осы тұста Мьянманың әскери билігін қолдауы және қару-жарақ сатуын көбейтуі оның сыртқы қысымдарын арттырып қана қоймай, өңірдегі анти-ресейлік көзқарасты да күшейтуі мүмкін.