Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жылдың қарашасында құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның басты мақсатының бірі – ХХ ғасырдағы репрессия мен ашаршылыққа саяси баға беру. Бұл жайлы бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте "Qazaq Times" тілшісінің сұрағына жауап берген комиссия төрағасының орынбасары, вице-премьер Ералы Тоғжанов пен комиссия мүшесі, мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы айтты. 

Тілшінің "Репрессияға қатысы бар, яғни, қазақ зиялыларының үстінен арыз жазған тұлғалар мен ұйымдардың аты аталып, олардың әрекетіне қандай да бір баға беріле ме?"  деген сұрағына Тоғажанов "Бұл жағы комиссия жұмысының нәтижесіне қарай шешіледі" десе, Әбдіғалиұлы "Комисияның ең басты мақсатының бірі саяси баға беру. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінде тұр" деп жауап берді.

Тілшінің "ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ даласында болған ашаршылықты кей тарихшылар "геноцид" деп сипаттап жүр. Қазір жұмыс істеп жатқан комиссия ашаршылыққа осындай баға беруге құлықты ма?" деген сұрағына Тоғжанов "Мен бұған жеке жауап бере алмаймын. Оның бәрі комиссия жұмысы барысында қабылданатын шешімдерге байланысты болады" деді. Ал Әбдіғалиұлы ашаршылыққа байланысты көптеген құжаттың әлі де құпия болып келе жатқанын алға тартты.

"Қазір жан-жақты зерттеу, құжаттарды жинау жүріп жатыр. Ашаршылыққа байланысты көптеген құжат әлі де құпия болып тұр. Соны жариялауды, кітап қылып шығаруды көздеп отырмыз. Осы бір жылда аштық тақырыбында біраз нәрсені анықтауға болады. Талай құжаттың құпиялық  грифі әлі шешілмеген. Оны ғалымдармен, мамандармен ақылдасып, коммиссия өз шешімін шығару керек" деді депутат Әбдіғалиұлы.

Бұған дейін, 17 ақпанда астанада ашаршылыққа арналған дөңгелек үстелде сөз сөйлеген сенат спикері Мәулен Әшімбаев биыл 100 жыл толатын 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа, 90 жыл толатын 1931-33 жылдардағы ашаршылыққа мемлекет айрықша назар аударатынын айтты, бірақ тарихшыларды бұл оқиғаларды саясиландырмауға үндеген.

"Бұл – ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары. Ашаршылық – Кеңес Одағы құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды. Сондықтан ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал" деген еді Әшімбаев.

"The Qazaq Times"