Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 29 наурыз коронавирус жұққан 1445 адам, ал 28-і күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 10 адам тіркелді. Қазір елде 24 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 22 258, U07.2 немесе КВИ- бойынша 1922) ауырып жатыр.
#U07.1 ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың жартысынан астамы Алматы қаласы (545) мен астанада (204) тіркелді. Одан кейінгі қатарда ең көбі – Алматы облысы (177), Қарағанды (92), БҚО (76), Ақтөбе (73), Атырау (63) өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 863 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге жексенбі күні, анығы наурыздың 28-і жиыны 15 адам қайтыс болған.
#U07.2 28 наурыз ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 22 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Жамбыл (7), Алматы (1), Ақмола (1) облыстарында және Алматы қаласында (1) тіркелген. Сонымен қоса, 192 адам айығып шыққан, өкініштісі екі адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 24 180 науқастың 8130-ы ауруханада, 16 050-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 364 науқастың жағдайы қиын, ондағы 76 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 46 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары «сары», ал Атырау, БҚО, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.
Ай басталғалы бір ғана Алматы қаласында 8,5 мыңнан аса науқас тіркеліп үлгерді. Қалада наурыз айының алғашқы декадасында тәулігіне жүзден кем емес жағдай тіркелді, 10-ынан бері бұл сан еселеніп өсуде. Осыған дейін бас санитар Бекшин бір күнде ауруханаға 500-ден аса науқас түсер болса, толық локдаун енгізілетінін ескерткен. 21 наурыздан бастап қатаңдатылған карантин режимі 12 сәуірге дейін ұзартылды.
Сондай-ақ, сырқаттар көбейген аймақтар қатарында астана (5195) және Алматы (2638), Қарағанды (2213), БҚО (1963), Ақмола (1688), Павлодар (1523), Атырау (1443), Қостанай (1432) облыстары бар. Осы себепті астана мен Алматыда карантин шарасы күшейтіліп, демалыс күндері бірқатар нысандардың жұмысына тыйым салынып, қоғамдық көліктердің графигі шектелді.
Наурыз айының 29 күнінде 31 мың (КВИ+ 29 887, КВИ- 1136) кейс анықталған.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл басталғалы наурыз айында өлім көрсеткіші өскен. 1-і мен 28-і аралығында 313 адам (КВИ+ 257, КВИ- 56) көз жұмған.
Кейбір сарапшылар халықаралық әуе рейстерін жиі қабылдайтын Алматы қаласындағы жағдайдың бірден ушығуын шетелден жаңа штамм келген болуы мүмкін деп болжаған. Өткен аптада Алексей Цой мен Жандарбек Бекшин геномдық зерттеу нәтижесінде британдық және оңтүстікафрикалық штамдар нақты тіркелгенін мәлімдеді.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты.
Былтыр қыс түсер тұста бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген. Ақпан айының басында Цойдың бірінші вице-министрі Марат Шоранов сәуір айында 20 мыңға тарта адам COVID-19 дертін жұқтыруы мүмкін деген. Дегенмен өткен айларда кемінде 20 мың жағдай тіркелгені себепті бұл цифр Қазақстанға айтарлықтай жаңалық емес. Наурыз айының ортасында министр Цой сәуір айында тәулігіне 500 бен 1700 аралығында науқас тіркелуі мүмкін екенін ескертті.
Жалпы өткен қыста 88 мыңға жуық адамнан ауру анықталған. Тоқсан күнге созылған қыс мезгілінде ауырғандардың 81 мыңнан астамы коронавирус, қалған 6,8 мыңы пневмония пациенттері. Желтоқсан және ақпан айлары аралығындағы барлық көрсеткіштерді мезгілге арналған қорытынды материалдан біле аласыз.
Осыған дейін ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз.
(!) Пандемия модераторы – министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтар, 8, 21-24 наурызға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 243 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 50 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 294 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 5163-і (КВИ+ / U07.1 – 3029, КВИ- / U07.2 – 684, ілеспе аурулардан – 1450) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1450 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Сарапшылар осы кейсті зерделеген жағдайда шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп боларын алға тартады. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.
Өткен қыс мезгілінде редакция президент Тоқаев бірнеше рет сынаса да өзгере қоймаған ресми статистикадағы кемшіліктерді түзетуге мұрындық болды. Министрлік өкілдері және есеп жүргізуші мамандарымен апталап айтысуға тура келді.
Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген.
Министрлік редакция талабынан кейін статистикадағы кемшілікті мойындап, 26 желтоқсаннан бері ресми хабарламада пневмонияның бір тәулікке кешігіп жарияланатынын растап мерзімін көрсететін болды. 2 ақпаннан коронавирус пневмониясы анықталған науқастардың аймақтардағы көрсеткіші қоса күнделікті беріле бастады. Ал ақпанның 18-і коронавирус пен оның пневмониясынан қайтыс болғандардың есебін күн сайын жариялауға көшті. Бірақ соңғы статистикада мерзім жағынан қайшылық байқалды. Редакция мұны да министрлікке бірнеше мәрте ескертуге мәжбүр болды. Осылайша КВИ+ пен КВИ- дигнозынан көз жұмғандардың тіркелген күні ертеңіне емес, бір күннен кейін жарияланып келгені белгілі болды. Қате дегеніміз – ақпарат құралдары күнделікті статистиканың нақты болмауынан коронавирустан қайтқандарды өткен күнге теліп хабарлауға мәжбүр болған. 26 ақпан осы уақытқа дейін коронавирустың расталған түрінен «өткен күні» қайтыс болды делінген қате ақпарат түзетіліп, «алдыңғы тәулік» ретінде көрсетіле бастады. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан Үкіметі тек ПТР арқылы расталған деректерді уақытылы жариялайды, ал қалған негізгі көрсеткіштер (яғни, пневмонияға шалдыққандар, коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған адамдар саны – QT) бір тәулікке кешігіп беріледі. Бұған денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйенің жетілмеуі себеп.
Үкіметтің 29 наурыздағы ресми мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 122 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы дозасын алған.