Адвокаттар өз қызметіне кедергі келтіретін әділет министрлігінің заң жобасына қарсылық ретінде 13 наурызда өтетін бейбіт жиынға дайындалып жатыр. Ұйымдастырушылар әзірге әкімиятпен заңды түрде келісілген митингке байланысты шараны өткізбеу жөнінде хабар алмаған. Құқық қорғаушылар Сағынтаев райынан қайтып, қаулысынан бас тартқан күннің өзінде де жекелеген пикетке шығатынын мәлімдеді.

Жұма күні ақпарат құралдарында Алматы қаласының бас санитары Бекшиннің орынбасары Сәдауақас Байғауловтың адамдардың топтасуына, соның ішінде митинг тәрізді жиындар өткізу шектелгені туралы пікірі жарияланды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Балсұлу Алекенова қайдай да бір қоғамдық жиын ұйымдастыруға рұқсат етілмегенін хабарлаған.

«Біздің қолымызда әкімнің митингті санкциялағаны туралы қаулы бар. Үш күннен бері осы акцияға қамданып жатырмыз. Кеше түсте сағат 14.00-де Шоқан Уәлиханов ескерткішінің маңында Сағынтаевтың орынбасары, Медеу ауданының әкімі және полиция өкілдерімен кездесіп, шара жөнінде мәмілеге келдік. Олардан ешқандай тыйым болған жоқ. Оның үстіне, қолымызда әкімнің рұқсаты бар. Егер әкімнің қаулысы күшін жойған болса, онда жазбаша хабар берілген болар еді. Қалай десе де акцияға қатысамыз, – дейді ұйымдастырушылардың бірі адвокат Гүлнар Жуаспаева Vlast редакциясына берген жауабында.

Адвокат қаладағы ахуал ТЖ режимі емес, бір жылдан бергі карантин шектеуі деңгейінде болғандықтан, қалай болған жағдайда да наразылар митингке шығатынын жеткізді. Ол «Қоғамдық бейбіт жиынға тыйым салған күннің өзінде жекелеген пикетке шығамыз. Біздің арнайы жсопарымыз бар. Пикет өтетін орны мен уақытын қосымша хабарлаймыз» деді.

Қоғамдық резонансқа айналған мәселе жайлы бүгін түсте Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин Facebook желісіндегі парақшасында дау тудырған кейбір нормалар Сенат пен Мәжілістің біріккен комиссиясында қайта қаралатынын жазды.

Адвокаттар әділет министрлігі әзірлеген «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасындағы «авторитарлық сипаты бар нормаларға» қарсылық білдіріп жүргеніне бірнеше апта өтті.  Өзгергелі тұрған заң жобасында түрлі кеңестерге мүше болуға, оған жарна төлеп отыруға, «Е-Заң көмегі» ресурсына ұдайы жеке деректерді енгізіп отыруға міндеттейтін талаптар қарастырылған. Заңгерлер мен адвокаттар биліктің бұл әрекетін мамандардың тәуелсіздігін шектеу, оларды бақылауға алу әрі құқық қорғау ісіне араласу деп санайды.

"The Qazaq Times"