АҚШ Навальный ісіне байланысты Ресейге қарсы санкция енгізіп, экономика, қорғаныс саласында көмек көрсету бағдарламаларын тоқтатты. Санкция 1991 жылы қабылданған «Химиялық және биологиялық қаруды бақылау және оны қолдануға тыйым салу туралы» заң аясында жүзеге асып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік департаменттің жазбаша мәлімдемесінде айтылған.

Құжатта: «АҚШ Ресей үкіметінің «Химиялық қаруға тыйым салу туралы» Конвенцияны бұзып, өз азаматтарына қарсы химиялық қару қолданғанын анықтады. Нәтижесінде, Конгресстің 15 күндік хабарлама мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа санкциялар жүзеге асады», – делінген. Енді Вашингтон Мәскеуге шұғыл гуманитарлық көмекті қоспағанд, 1961 жылы қабылданған Заң бойынша экономикалық жағынан көмек көрсетуді тоқтатады. Сондай-ақ, АҚШ Ресейге кез келген қорғаныс өнімдерін сатуды және экспорттауды, қару-жарақ экспортына лицензиялар мен рұқсаттар беруді де тоқтатты.

Санкциядан кейін Ресейге шетелдік әскери қаржыландыруды көздейтін АҚШ-тың барлық бағдарламсы күшін жойды. Вашингтон, сонымен бірге, Мәскеуге АҚШ үкіметінің министрліктері мен басқармалары, оның ішінде экспорт-импорт банкі арқылы несие немесе басқа қаржылық көмек беруден де бас тартады. Америкадан Ресейге «Ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды тауарлар мен технологияларды экспорттауға» да шектеулер енгізілуде.

Ресми мәлімдемеде Мемлекеттік департамент 1991 жылғы Заңға сәйкес 2018 жылғы наурызда бұрынғы барлау қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияға қатысты жағдайдан кейін Ресейге алғаш рет енгізілген санкциялар тізімін арттырды. Жоғарыда аталған шектеулерден бөлек, АҚШ-тың сыртқы саясат бөлімі Ресейді «қорғаныс саласы бойынша қолдау көрсетілмейтін елдер тізіміне» қосты.

Санкциялардың қолданылу мерзімі

Ресейге қарсы енгізілген санкциялар кем дегенде 12 ай закңды күшінде болады. АҚШ Сыртқы істер министрлігі егер Ресей үкіметі «Химиялық және биологиялық қаруды бақылау және оны қолдануға тыйым салу туралы» заңда белгіленген бірнеше шарттарды орындаса, санкциялар жеңілдейтінін айтты. Мұнымен қатар, Ресей БҰҰ бақылаушыларының өз аумағында тиісті тексерулер жүргізуіне мүмкіндік беруі тиіс.

Осы аптада АҚШ Мемлекеттік департаменті ФСБ, Ресей мемлекеттік Органикалық химия және технология ғылыми-зерттеу институты, 33-ші Орталық ғылыми-зерттеу институты, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің 27-ші ғылыми орталығы, Ресей Қарулы Күштері Бас штабының бас кеңсесі, сондай-ақ ресейлік Руслан Боширов пен Александр Петровтың визаларына шектеулер енгізді. Олардың барлығы сейсенбіде АҚШ Қаржы министрлігінің қара тізіміне енген.

Осы аптада Еуроодақтың тұрақты өкілдері оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қудалауға қатысы бар делінген төрт ресейлік шенеунікке санкция салуды мақұлдады. Бұған дейін Ресей сырты істер министрі Сергей Лавров «Брюссель санкцияны күшейтсе, Мәскеу ЕО-мен қатынасты үзуге дайын» деген. Ресей билігі ЕО-ны елдің ішкі ісіне араласты деп айыптап, оппозициялық саясаткердің қамалуына саясаттың қатысы жоғын айтқан.

Еуроодақ енгізетін шектеулер Ресей тергеу комитетінің басшысы, федералдық қылмыстық жазаны атқару қызметінің директоры, Росгвардия бастығы, бас прокурына қатысты. Ресейде тергеу комитетін – Александр Бастрыкин, Росгвардияны – Виктор Золотов, федералдық қылмыстық жазаны атқару қызметін – Александр Калашников басқарады.

Сарапшылардың пікірінше, Байден әкімшілігінің бұл шешімі Мәскеуге «күшті сигнал» болмақ. Бұған дейінгі АҚШ президенті Навальныйдың улануы мен қамалуына байланысы Ресеймен диалог жүргізбеген. Демек, Байден адам құқықтары мәселесінде Трамптың саясатын жалғастырмайды. Бұл жолы санкциялардан кейін Ресей кейбір экспорттық лицензияларынан айырылуы мүмкін.

"The Qazaq Times"