АҚШ билігі Қазақстанның Сирия мен Ирактағы өз азаматтарын репатриациялау бойынша саясатын жоғары бағалайды. Бұл туралы Мемлекеттік департаменттің терроризмге қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісінің міндетін атқарушы Джон Годфри мәлімдеді.

Таяу Шығыстағы Вашингтон институты ұйымдастырған бейнеконференцияда Джон Годфри: «АҚШ көптеген елдерді Сирияға кеткен отандастарын елге қайтаруға шақырды. Осы уақытқа дейін біз Сирия мен Ирактан кәмелетке толмаған 16 баланы және 12 ересек азаматтарды репатриацияладық. Бұл ересектердің оннан біріне федералды қылмыс жасады деген айып тағылды», – деді ол.

Сонымен қатар Годфри Американың бірқатар елдерге өз азаматтарын қайтаруға көмектескенін және бұл ретте Қазақстанның көшбасшы мемлекет екенін айтты.

Астана келіссөзі 2017 жылы қаңтарда Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынысы бойынша басталған. Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзі Женевадағы БҰҰ бастамасымен ашылған келіссөзден бөлек өтеді.

Келіссөз Сириядағы азамат соғысын тоқтатуды көздейді. Бұған дейін АҚШ Мәскеу мен Дамаскіні Астанадағы келіссөзден нәтиже шығара алмай отыр деп сынаған. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт келіссөзді «фарс» деп атаған. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астана процесін «тиімді» деп санайды.

2018 жылы АҚШ Мемлекеттік департаменті 29 қарашада Ресей мен Иран Башар Асад билігінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарында айтылған саяси процеске қатысуға ниеті жоқтығын Астана процесі арқылы жасырып-жауып отыр деп мәлімдеген. Мемлекеттік департамент мәлімдемесінде Астанадағы соңғы келіссөзге қатысушылар Сирия конституциялық комитетіне кіретін мүшелер тізіміне келісе алмағаны, яғни, Сирия дағдарысын саяси жолмен реттеуде алға ілгерілемегені айтылады.

"The Qazaq Times"