Қытай коронавирустың пайда болуына қатысты негізгі мәліметтерді Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының эксперттеріне беруден бас тартты. Халықаралық зерттеу тобының аустралиялық мүшесі Доминик Дуайер бұл туралы Reuters, The New York Times, The Wall Street Journal сынды ықпалды ақпарат көздеріне сұхбат берген.
Бір апта бұрын Қытайдың Ухан қаласында зерттеу жүргізген эксперттердің халықаралық тобы коронавирустың ошағы лабаратория болмаған деген. Қорытынды жасаған болатын. Бұған дейін Қытай үкіметі Халықаралық зерттеу тобының жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге келісім берген болатын. Алайда, зерттеушілердің айтуынша, Қытай үкіметі вирусқа шалдыққан алғашқы науқастар туралы мәліметтерді жасырып отыр.
ДДСҰ жіберген эксперттер Қытай үкіметінен вирус алғаш табылған кездегі алғашқы 174 науқасқа қатысты деректерді беруді талап еткен. Алайда, Қытай билігі бұл деректерді бермей отыр. Профессор Дуайердің айтуынша алғашқы 174 науқастың жартысынан көбі Ухандағы аты шулы базарда болмағандар, сондықтан олар туралы тереңірек зертеу аса маңызды.
Қытай үкіметі ДДСҰ зерттеу тобымен толық ынтымақтастықта екеніне сендіруге тырысады. Алайда, зерттеу тобына вирустың пайда болуына қатысты маңызды мәліметтерді не үшін бермей отырғаны түсініксіз.
Жаһандық пандемияға алып келген коронавирус 2019 жылдың соңына тарта Қытайдың Ухан қаласында алғаш белгілі болған болатын. Содан бері қауіпті дертке әлемде 103 миллионнан астам адам шалдығып, оның 2,3 миллионы қаза тапты. Пандемия алып келген дағдарыстан көптеген елдердің экономикасы дағдарысқа ұшырап, жаһандық экономикалық даму кері кетті.