Бұдан 7 жылдай бұрын Ирактың Мосул қаласында алғаш рет «Халифат» жариялап, Ирак пен Сүрия жерінде біраз жыл лаң салған өздерін «Ислам мемлекеті» атаған экстремистік топ қайта күш жинауда. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі ескерту жасады.
ДАИШ-ке қарсы Халықаралық коалицияға жетекшілік еткен АҚШ 2019 жылы Ирак пен Сүрия жерінде жеңіске жеткенін жариялаған. Ирак та бірнеше жылдық соғыстан кейін елдегі ДАИШ күштерін жойғанын, аздаған топтарымен күрестің жалғасып жатқанын хабарлаған. Алайда, 2018 жылдың соңынан бастап, «Ислам мемлекеті» содырларының саяси тұрақсыздық орнаған Ауғанстанға жиналып жатқаны туралы мәліметтер тараған.
БҰҰ жанындағы Терроризмге қарсы күрес бөлімі екі күн бұрын Қауіпсіздік кеңеске ДАИШ ұйымының қимыл-әрекеттеріне қатысты жаңа есебін ұсынды. Онда аталмыш террорлық ұйымның 2020 жылдың екінші жартысынан бастап жиһадшыларды қайта жинай бастағанын, сондай-ақ әрекеттерін жандандыра бастағаны айтылған.
БҰҰ-ға жеткен мәліметке қарағанда, ДАШИ қарулы топтары Ирак пен Сүриядағы пандемия кезіндегі дағдарыстан пайдаланып, кейбір өңірлерде белсенділігін арттырған. Терроризмге қарсы күрес бөлімінің таратқан мәліметінде, 2021 жылы ДАИШ әлемнің бірқатар елінде қарулы шабуылдар ұйымдастыру ықтималдығы бар деп көрсетеді. Ұйым есебінше Ирак жерінде ДАИШ жиһадшыларының 10 мыңға жуық қарулы содыры бар.