Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері арнайы киім үлгісімен қайта жасақталып, әрі жалақысы арттырылмақ. Көпшілік атынан түскен шағым негізінде бизнестерге тексеруге қойылған мораторий алынып тасталады. Бұл туралы жаңадан тағайындалған қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгінгі үкімет отырысында мәлімдеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік кірістер қызметкерлерінің еңбекақының төмендігінен, әлеуметтік қорғалмауынан және жоғары жауапкершілікке байланысты сыбайлас жемқорлыққа ұшырау қаупі бар екенін хабарлады», – дейді министр Жамаубаев.
Оның айтуынша, осы себепті білімі мен білігі жетік, тәжірибелі мамандар жеке секторға кетіп жатыр. Қызметкерлерінің «хәлі мүшкіл» деген Қаржы министрлігі «базалық жалақыға үстемақы ретінде сыныптық шендерді және бірыңғай форма үлгісін бекітуді» ұсынды.
«Аталған тетіктер жоғары білікті кадрлар мен сабақтастықты сақтауға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарының мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді», – деп есептейді министр.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда былтырдан бастап бизнесті тексеруге мораторий енгізілгенін еске алып, оның нәтижесіне көңілі толмайтынын сөз етті.
Кәсіпкерлік саланың кең тыныстауын жақтырмаған Жамаубаев «Жосықсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдады», – деді.
Министр ұсынған мәліметке қарағанда, 2020 жылы «Азаматтық бақылау: Чекті талап ет!» жобасы аясында комитетке заңбұзушылық фактісі бойынша 16,5 мың бейне-шағым түскен. Сондай-ақ, мораторий себебінен салық органдары шара қолдана алмаған 7 мың арыз тіркелген. Осыны алға тартқан министр мораторий жайлы жарлықтың бір бөлігін азаматтардың шағымы негізінде тексеріс жүргізуге мүмкіндік беретіндей етіп өзгертуді қолға алыпты.
















Алмасбек Садырбайдың соты. Айыптау актісінің заңсыздығы мен қолдан өсірілген миллиондар
ГАЗАДАҒЫ ТАРИХИ БЕТБҰРЫС: ХАМАС ӘКІМШІЛІК БИЛІКТЕН БАС ТАРТТЫ. АЙМАҚТЫ ЕНДІ КІМ БАСҚАРАДЫ?
АҚШ пен Иран келіссөзі қайта жалғаспақ: Доха кездесуі шиеленісті бәсеңдете ме?
Украина-Ресей соғысы «энергетикалық дуэльге» айналып кетті
Меморандумның күйреуі: Парсы шығанағындағы дауыл&әлемдік тәртіптің сын сағаты соғып тұр
Ормуз дағдарысы: АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім неге тез бұзылды?