Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Boeing 737 MAX әуе кемесінің ұшуға дайындығын тексеруді бастады.
Азаматтық авиация комитеті таратқан мәлімдемеде: «Соңғы үш ай ішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі SCAT авиакомпаниясымен бірлесіп Boeing 737 MAX ұшағын іске қосуға дайындық жүргізуде. Авиациялық әкімшілік авиакомпанияларға тренингтер өткізуге, өндірушінің жаңартылған ережелерін ұстануға, сондай-ақ ұшу кезінде және эшелонда жылдамдық аспаптары дұрыс көрсетілмеген жағдайда экипаждардың іс-қимылдарын тренажерлік даярлау бағдарламасына енгізуге кеңес берді», – делінген.
Қазақстанға келген SCAT инженерлік-авиациялық қызметі және Boeing компаниясының техникалық мамандары әуе кемесін қайта іске қосудың және бағдарламасын ұсынған. SCAT ұшқыштары әлемнің сертификатталған жаттығу орталықтарының бірінде дайындықтан өтті, ал алдағы аптада Boeing 737 MAX ұшағын тестілеу жүргізіледі.
Қазір АҚШ пен Қазақстанның авиациялық билік орындарының талаптарына сәйкес ұша тексеру бойынша қорытынды кезеңде. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын бағалау бойынша сертификаттық тексеруді 2021 жылғы ақпанда жүргізу жоспарланып отыр. «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ әуе кемесінің коммерциялық ұшуларды қалпына келтіруге дайындығын тексермек.
2019 жылдың наурызда азаматтық авиация комитеті екі әуе апатынан кейін SCAT компаниясының Boeing 737 MAX ұшағын пайдалануды уақытша тоқтатты. Boeing компаниясы лайнерді қайта сертификаттау және коммерциялық пайдалануға қауіпсіз қайтару үшін АҚШ Федералдық авиация басқармасының және басқа да реттеуші органдардың барлық талаптарын орындады.
27 қаңтарда Boeing ұшағын қайтадан пайдалануды Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі және Ұлыбританияның азаматтық авиация басқармасы мақұлдады. Бұған дейін Boeing 737 MAX Бразилия ұлттық азаматтық авиация агенттігі және Канада көлік департаментінен сертификат алған.