Еуропадағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығы жаппай вакцинациялау мен «COVID-төлқұжат» мәселесін талқылады. Қазірге дейін Еуроодаққа мүше мемлекеттер коронавирусқа қарсы препараттың 8 миллион дозасымен қамтамасыз етілген.
Вакцина тасымалдау бойынша Еуропада бірқатар қиындықтар орын алған. Сол себепті жалпы халықтың 2-3%-ына ғана екпе егілген. Сынақтың барлық фазасынан сәтті өткен AstraZeneca Еуроодақ елдеріне вакцинаның 40 миллион дозасын жеткізбек Бұл уағдаласқан мөлшерден 9 миллионға көп. Ақпанның ортасына дейін Pfizer және BioNTech компаниялары да екпені толық мөлшерде жеткізуі тиіс.
Жаппай вакцинациялау басталған Еуроодақ елдері «COVID-төлқұжат» енгізу мәселесін талқыға алған. Вакцина қабылдады деген құжатты енгізуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қарсылық білдіргенмен, Еуроодақ елдері мен Ресей бұл мәселені қарастырып жатыр. Мәселен, Испания билігі бастаманы қолдайтынын жеткізді. Өйткені ел экономикасы туризмге тәуелді.
Былтыр Испанияның саяхат саласы соңғы жарты ғасырдағы ең ауыр жылға тап болды. Пиреней түбегіне келген шетелдік саяхатшылар саны 80 процентке азайған. Грекия билігі де осындай сертификат енгізу бастамасын қолдап отыр. Себебі эллада елінде де туризмнің экономикадағы үлесі жоғары. Қолдаушылар қатарында Польша мен Дания да бар.
Ал Франция мен Румыния билігі керісінше, бұл идеяны құптамайтындарын айтқан. Аталған құжат вакцинациялау туралы анықтаманы алмастырады. Қолында тиісті құжаты бар адамның шетелге шығуы жеңілдеп, өзге елден оралғанда карантинде отырмайды.