Құрама Штаттардың билігіне Байден келгеннен кейін сырт көздер оның екі елге – Қытай мен Ресейге болған ұстанымын көбірек талқылады. Көптеген сарапшылар Байден үкіметі Ресейге деген АҚШ-тың санкциялық қысымын шыңдай түседі деп болжаған. Ал, өткен аптадағы Байден мен Путин арасындағы телефон арқылы сөйлесуден кейін бұл болжам шындыққа жақындай түскендей болды. Сарапшылар алғашқы сөйлесуде даулы мәселелердің сөз болуы Ақ үйдің Ресейге қатысты сыртқы саясатын тиянақтандырады деп санайды.

Қазір Ресейдегі жағдай көпке белгілі. Путиннің ең басты сынаушысы, оппозициялық саясаткер Алексей Навалный белгісіз біреулер жағынан уланып, бірер айдан кейін аман-есен Ресейге қайтып барды. Әрине, ол елінің шекарасын аттай салып қамалуы күтпеген жағдай емес. Бұл Ресейдегі жұз мыңдаған адамның наразылығын өршітіп, ереуілге шығарды. Ереул жайы да көзқарақты жұртқа мәлім, біздегіге ұқсас полицейлік «ұр-тоқпақтың» астында, мыңдаған адамның қамалуымен жалғасып жатыр.

Байден сөйлесу барысында Путинмен осы сезімтал мәселені де талқылаған. Сөйлесуден кейін Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде де Путинмен Навалный мәселесінің талқылануы Құрама Штаттардың осы мәселеге тұрақты назар аударатынын, сондай-ақ, Жо Байденнің Навалный және оның жұз мыңдаған қолдаушыларымен қандай қарым-қатынаста болатынын көрсетеді деген.

Навалный ісіне АҚШ Мемлекеттік департаменті де назар аударып отырғанын Байденнің бас дипломаты Энтони Бринкен де аңғартты. Ол өзінің мәлімдемесінің бірінде Кремльдің жеке адамға болған мұндай қарым-қатынасына алаңдаушылығын жеткізген болатын. «Айтып өткенімдей, біз Навалный мырзаның қауіпсіздігінен қатты алаңдаймыз. Ең маңыздысы ол көптеген ресейліктердің ішкі дауысын көрсетіп берді, оған құлақ асу керек», – деген Бринкен.

Әрине, Уашингтонның жаңа администрациясы Кремльдің Навалный ісіндегі ұстанымын сынға алғанымен, стратегиялық қаруларды бақылау туралы келісімді бес жылға ұзартқаны үшін Путинді мақтағаны да бар. Бірақ, сарапшылар Байденнің Ресейге қаратқан саясатында ашықтық пен шынайылық бар деп санайды. Айталық, АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Томас Пикеринг: «Байден саясаты оның көзқарасына сәйкес айқын, ол қарсылас үшін жағымсыз болса да шындық.  Бірақ, ол сонымен бірге екі жақтың да ұлттық мүдделері жатқан жерден өзінің күткен үмітін білдіріп отыр. Бұл кейде ыңғайсыздық алып келеді», – деген пікірімен бөліскен.

Рас, АҚШ пен өзге де бірқатар Батыс елдері Путин режимінің Навалныйге қарата ұстанымын, өзге де адам құықықтарына қатысты мәселелерде ашық әрі ауыр сындарға алуда. Бірақ, бұның нәтижесі қаншалық болады деген сауал көптеген адамды ойландырады. Тіпті, Батыс елдерінің сынауы мен мінеуінен үміт аз десе де болады. Америкалық қолдау Ресейдегі саяси өзгерістерге оңды әсер етеді деуде оң пікір емес. Бұндай пікірді Гарвард университетінің профессоры Томас Ремингтон да The Wall Streer Journal басылымына бөліскен екен. Профессор Ремингтон сөзінде: «Америка Құрама Штаттары біздің күш-жігеріміз Ресейдегі саяси өзгерістерге тиімді әсер етеді деп санайды. Менің ойымша Құрама Штаттар мұндай қиялынан бас тартуы керек», – деген.

“The Qazaq Times”