АҚШ Конгресмендері президент Джо Байденнен Ресейде Азат Еуропа журналистерін қудалау,қысым көрсету азаймаған жағдайда, санкция енгізуді сұрады.

22 қаңтарда жазылған хатта Өкілдер палатасының мүшелері сондай-ақ Азаттық радиосының Беларусь қызметіне қолдау білдіруге де шақырған. Хатта ресми өкілдер Байденнен Ресейді жазалау үшін тиісті заңдарды қолдану керектігін жазған. Яғни ғаламдық Магнитский заңы мен Америка қарсыластарына санкция арқылы төтеп беру туралы заң Мәскеуге экономикалық санкция енгізу кезінде қаралады.

Аталған заңдар кейінгі тоғыз жылда Ресей шенеуніктеріне қарсы жиі қолданылды. Санкция тізіміне ілінгендердің АҚШ-тағы мүлкі бұғатталып, оларға АҚШ-қа келуге виза берілмейді.

Бүгін Еуроодақ елдері де Ресейдегі адам құқықтарының тапталуына байланысты санкция енгізу мәселесін талқылап жатыр. Эстония, Латвия және Литва сыртқы істер министрлері ЕО-ны ресейлік шенеуніктерге қарсы санкциялар салуға шақырды. Польша президенті Анджей Дуда британдық Financial Times газетіне берген сұхбатында: «Санкциялар – халықаралық құқықты сақтаудың жалғыз жолы» деп мәлімдеді. Ресейге қарсы қара тізім жасауды АҚШ Мемлекеттік департаменті де қолдады.

Кремль сыншысы, оппозиционер Алексей Навлаьныйдың тұтқындалуынан кейін билікке қарсы өткен наразылық акциялары кезінде 3500-ден астам адам ұсталған. 23 қаңтар күні болған митингілерге Навальныйдың өзі шақырған болатын. Ол бұл үндеуін 18 қаңтар күнгі сот отырысының алдында жолдаған. Кейінірек оның штабы нақты күнді хабарлады.

Митинг күні және оның қарсаңында Ресей билігі Навальный жақтастарын ұстап, тінтіп, оларға деген қысымды күшейтті. Алексей Навальный қамауға алынғаннан екі күн өткен соң оның штабы «Путиннің сарайы» аталатын екі сағаттық зерттеу фильмін жариялады. Youtube желісінде жарияланған зерттеу осы уақытқа дейін 85 миллионнан астам қаралым жинады.

"The Qazaq Times"