Кремль сыншысы, оппозиционер Алексей Навлальныйдың тұтқындалуынан кейін билікке қарсы өткен наразылық акциялары кезінде 3500-ден астам адам ұсталған. Билік тарапынан басып-жаншумен өткен жыл басындағы ірі митингтен кейін бірқатар Еуроодақ елдері Ресейге қарсы санкция енгізу туралы ұсыныс білдірді.
Эстония, Латвия және Литва сыртқы істер министрлері ЕО-ны ресейлік шенеуніктерге қарсы санкциялар салуға шақырды. Польша президенті Анджей Дуда британдық Financial Times газетіне берген сұхбатында: «Санкциялар – халықаралық құқықты сақтаудың жалғыз жолы» деп мәлімдеді. Ресейге қарсы қара тізім жасауды АҚШ Мемлекеттік департаменті де қолдады.
23 қаңтар күні болған митингілерге Навальныйдың өзі шақырған. Ол бұл үндеуін 18 қаңтар күнгі сот отырысының алдында жолдаған. Кейінірек оның штабы нақты күнді хабарлады. Митинг күні және оның қарсаңында Ресей билігі Навальный жақтастарын ұстап, тінтіп, оларға деген қысымды күшейтті.
Алексей Навальный қамауға алынғаннан екі күн өткен соң оның штабы «Путиннің сарайы» аталатын екі сағаттық зерттеу фильмін жариялады. Youtube желісінде жарияланған зерттеу осы уақытқа дейін 85 миллионнан астам қаралым жинады.
20 тамыз Томск қаласынан Мәскеуге бет алған оппозиционер саясаткер Алексей Навальный бортта жағдайы нашарлап, ұшақ дереу Омбы қаласына қонуға тура келген. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген. Кейін Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберген. Басында Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін омбылық дәрілерлер Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілген.
Бұған дейін бірқатар халықаралық ұйымдар мен АҚШ Кремльдің Навлаьныйға қарсы әрекетін қатаң сынға алған. АҚШ Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде: «Америка Құрама Штаттары Ресейдің Алексей Навальныйды ұстау туралы шешімін қатаң айыптайды. Біз Ресей билігін сайлау процесіне қатысуға ниет білдірген барлық саяси партиялар мен кандидаттарға теңдей қарауға шақырамыз. Мәскеуден ешқандай шартсыз Навальныйды босатуды талап етеміз» делінген.
Ал Amnesty International ұйымы мен Еурокеңес өкілдері де Ресей билігін қатаң айыптап отыр. «Алексей Навальный саяси белсенділікке деген құқығынан және сөз еркіндігі құқығынан айырылды. Amnesty International оны ар-ұждан тұтқыны деп қарастырады және оны ешқандай шартсыз дереу босатуды талап етеді» делінген ұйымның баспасөз хабарламасында.