2021 жылы 10 қаңтарда Қазақстан бойынша, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтті. Саяси науқан барысында сайлау учаскелері тарапынан тәуелсіз байқаушылар мен бақылаушылардың қатысуына, ақпарат құралдарының кейбір өкілдерінің хабар таратуына әртүрлі кедергілер жасалды. Бірақ Бас прокуратура мұны «болмашы заңбұзушылықтар» деп атады.

Дүйсенбіге қараған түні үш бірдей ұйым есебі осы уақытқа дейін сауалнама қорытындыларына сәйкес келетін эксзит-пол мәліметін жариялады.

«Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институты, КТК телеарнасының тапсырысы бойынша «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы ҚБ және «Астана» телеарнасының тапсырысымен «Astana Zertteu» компаниясы эксзит-полл қорытындысын ұсынды. Барлығының есебі бір-бірінің «аузына түкіріп қойғандай», айна-қатесіз ұқсас.

Ашық дерекөздердегі мәліметтерге қарағанда, әлеуметтік зерттеу-сауалнама және экзит-полл жүргізуге рұқсат алған «Астана-Зерттеу» қоғамдық қоры мен «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының табысы сайлау қарсаңында айтарлықтай молайған.

Бұған дейін билік партиясының тапсырысы бойынша «Астана-Зерттеу» қоғамдық қоры жұртшылыққа сауалнама жүргізіп, респонтенттердің 74,2%-ы Nur Otan-ды таңдағанын хабарлаған. Сонымен қоса, Тұңғыш президент күні қарсаңында ақордашыл саясаттанушы, Nur Otan мүшесі әрі ең белді насихатшысы, алдағы сайлауда мәжіліс депутаттығына үміткер Ерлан Сайыров өзі басқаратын Еуразиялық интеграция институтың осы тақілеттес зерттеуінде билік партиясына пікір білдірушілердің 72,3%-ы дауыс бергені айтылды.

Жоғарыдағы көрсеткіштермен сарындас сарындас есепті «Қоғамдық пікір» зерттеу институты да қараша айында жариялаған: Назарбаев басқаратын партияның үлесі әдеттегідей 72,1% көрсеткен-міс.

Бір қызығы, ешбір зерттеу ұйымының қорытындысында Nur Otan-нан өзге бірде-бір партия 7%-ға жете алмаған.

Бірнеше жылдан бері экзитпол жүргізіп келе жатқан «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеу орталығы мен «Сандж» орталығын биыл тізімге енгізбей қойған. Бұл  ұйымдардың жетекшілері мен тәуелсіз сарапшылары экзитполға рұқсат берілген  ұйымдардың билік қолайына «жағатын» қорытынды шығарарын, зерттеудің объективтілігі күмән тудыратынын айтады.

“The Qazaq Times”