Капитолийдегі шабуылдан кейін АҚШ-та бірнеше мемлекеттік қызметкер өз еркімен отставкаға кете бастады. Бүгін Ақ үйдегі Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің тағы төрт аға қызметкері Вашингтонда болған тәртіпсіздіктерден кейін қызметінен кетті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Қызметінен кеткен шенеуніктер қатарында Африка істері жөніндегі аға директор Эрин Уолш, қорғаныс саясаты жөніндегі аға директор Марк Вандроф, аға директор Энтони Ругьерро және Таяу Шығыс және Африка істері жөніндегі аға директор Роб Гринуэй бар. Бұған дейін Ресей және еуропалық істер жөніндегі аға директор Райан Талли қызметінен кеткен.
Бейсенбіде АҚШ көлік министрі Элейн Чао мен АҚШ білім департаментінің басшысы Бетси Девос тәртіпсіздіктер кезінде отставкаға кетті. Сонымен қатар АҚШ-тың Солтүстік Ирландия бойынша арнайы өкілі Мик Мулвэни де қызметтен кетті. Ол бұрын Ақ үй қызметкерлерінің аппарат басшысы болған.
7 қаңтар АҚШ Конгресі сайлаушылардың дауысын есептеп, 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. Сайлауда демократтар партиясының өкілі Джо Байден жеңіске жеткен еді. Алайда бұған дейінгі президент Дональд Трамптың жақтастары жаппай наразылық акциясын бастап, олардың бір тобы Конгресс ғимаратына басып кірді. Түн жарымына қарай АҚШ Конгресін және Сенатын күзететін полиция Трамптың жақтастарын Капитолий аумағынан тықсырып шығарды. Сенат ғимаратын АҚШ ұлттық ұланының жасағы күзетуде. Вашингтонда коменданттық сағат енгізілді. Кейін Instagram, Facebook, Twitter және Youtube Дональд Трамптың аккаунтын блокқа қойды. Наразылық акциясынан соң АҚШ Конгресі дауыстарды сертификаттауды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеген еді.
Кеше Конгресс Джозеф Байденді президент сайлауындағы жеңісін растады.о Осылайша, 78 жастағы Джо Байден Американың 46-президенті болды. Инаугурация 20 қаңтарға жоспарланған. Дональд Трамп сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартса да, 20 қаңтарда билікті беретінін хабарлады.
Демонстранттардың Конгреске басып кіруін екі жүйе құрушы партияның саясаткерлері «Трамп ұйымдастырды» деп айыптап отыр.