Дональд Трамп АҚШ президенті болып келгелі бері әлемнің гео-саяси бейнесіне аз болмаған өзгерістер кіргені шын. Орта Шығыста жаңа бет-бейне қалыптасты, Батыс пен Қытайдың қарым-қатынасы өзгерді. Бұдан тыс, Трамп билігі Солтүстік Кореямен ең көп диалогқа келген америкалық үкімет болып қалды. Енді міне, Ақ үйдегі биліктің алмасуына қатысты пікірталастың қайта өршуіне қарамастан, көптеген ақпарат құралдары Трамп үкіметін АҚШ-тың ескі билігі қатарында санай бастады. Осы тұста Ақ үйдің бас дипломаты, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Трамп үкіметінің «әттеген-айларын» айтып өткен екен.
Помпеоның айтуынша, әлем бұдан төрт жыл бұрынғыға қарағанда қауіпсіздеу екен. Бұл оның өзі қызмет еткен Трамп билігіне берген бағасы болса керек. Дегенмен ол Қытай мен Солтүстік Кореяның «қиын мәселелерін» соңына шығара алмай бара жатуы Трамп билігінің «әттеген-айы» деп көрсеткен екен.
Bloomberg телеарнасындағы сұхбатында Помпео Қытайға бағытталған қатаң саясатына қарамастан Бейжің әлі де әділетсіз сауда саясатын жүргізіп жатқанын баса белгілеген. Бұған қоса Қытайдың Құрама Штаттардан зияткерлік меншік құқықтарын ұрлауы әлі де проблема болып қала бергеніне де өкініш білдірген.
Ал, Солтүстік Корея жағдайы белгілі, екі елдің лидері бірнеше рет кездесіп келіссөз өткізгенімен, Ким Жоң Ун ядролық қарудан бас тарту туралы уәдесін атқаратын сыңғай танытпайды.
Осыларға қарамастан, Помпео Трамп билігінің басты жетістіктері қатарында, Израиль мен Иран саясаттарының ашыққа шығуын, НАТО-ның Қытайды басты стратегиялық қарсылас ретінде қабылдағанын, Орта Шығыстағы АҚШ жауапкершілігінің жеңілдеуін атап өткен екен.
Әрине, Трамп билігін сынаушылар оның президенттігі кезінде АҚШ көптеген халықаралық келісімдерден біржақты бас тартып, Құрама Штаттардың жаһандық көшбасшылық рөлін әлсіретті деп санайды. Сондай-ақ, оның сыртқы саясаты АҚШ одақтастарын алшақтатып, соның салдарынан Қытай билігіне белгілі деңгейде мүмкіндіктер беріп қойды деп сынайды.