Швеция Ресейдің Балтық теңізі, Солтүстік Атлант және Арктика шеңберіндегі әскери белсенділігінің едәуір артуына жауап ретінде ауқымды әскери модернизацияны бастады. Бұл туралы Скандинавия елінің Қорғаныс министрі Питер Хультквист Times басылымына мәлімдеді.
Швед министрі: «Ресейдің қорғаныс саласы жоғары қарқынмен дамып жатыр. Олар Мурманскіде арктикалық бригадасы бар әскери-теңіз базасын салған. Біз Ресейдің Солтүстік Атлант мұхитындағы жаттығулар мен операцияларды бақылап отырмыз», – деді. Министрдің пайымынша, ресейлік әскери жаттығулардың операцияның мақсаты – АҚШ пен Еуропа арасындағы байланыстарды бұзу.
Қазанда Үкіметтік коалиция партиялары (социал-демократиялық және қоршаған ортаны қорғау) Орталық партиямен және либералдармен Швецияның қорғаныс стратегиясы жобасының аясында қорғаныс қаражатын едәуір ұлғайту туралы келісімге келді.
Ресейдің әскери қуатына тосқауыл болу мақсатында Швеция бюджет жобасын қарастырып отыр. Жоспар бойынша әскери модернизацияға 2021-2025 жылдар аралығында 27,5 млрд швед кроны ($3,11 млрд) бөлінді. Яғни әскери саладағы қаржы көлемі 40% -ға артады.
2014-2025 жылдары өсім 85% болған. Бұл – 1950 жылдардан бастап қорғанысты қаржыландыруды ұлғайтудың ең үлкен пайызы. Қазір әскери бюджеттің мөлшері 6,4 миллиард долларға тең.
Парламентке ұсынылған жоспарға сәйкес, келесі жылы Қарулы Күштерді қайта құру басталуы керек. Ол аяқталғаннан кейін шамамен 2030 жылға қарай жеке құрам саны қазіргі 60 мың адамнан 90 мың адамға дейін ұлғаюы тиіс. Осы міндетті іске асыру үшін мерзімді қызметке шақырылғандар саны 2025 жылдан бастап 8 мың адамға өсіп, 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп болуы тиіс.
Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Швецияның бұл қадамын «Ресейге қарсы фобиялар және НАТО-ның Стокгольмға қысымынан» деп санайды. Ресей Сыртқы істер министрлігінің бағалауы бойынша, «Солтүстік Еуропа аймағындағы шиеленісті одан ары ушықтырады».
Захарова Солтүстік Еуропада әскери модернизацияны қажет ететін қайшылықтар мен қақтығыстар жоқ екенін атап өтті. Сонымен бірге, «Ресей барлық солтүстік еуропалық серіктестермен қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері бойынша ашық диалогқа дайын».