Уақыт дәргейінен әр ұлттың еншісіне берілген атаулы күн болатын болса, қазаққа 16 желтоқсанды атап бергендей. Таяу кезеңдегі ел тарихының елеулі күндері осы 16 желтоқсанмен сабақтасып жататыны бекер емес.
Әуелі бұл күн тарихымызда 1986 жылы Кремльдің пәрменіне қарсы үн қатқан қазақ жастарының дабылы болып жазылды. Тегеуріні қатты темір билік шеңгелінде қазақтың өрімдей жас ұл-қыздары өзінің өр рухын тарихқа таңбалап кетті. Желтоқсан алаңына төгілен қызыл қан ақыры қызыл империяның тағанын қопсытып, шаңырағын шайқалтты. Көп ұзамай осы күні Қазақ мемлекеттілігі жалпақ әлемге жария болды.
"Әттеген-ай"-ымыз – ұлт рухының дүр сілкініп, ұлт санасын түнектен сілкіп оятқан, тәуелсіздік таңына жетелеген осы күнге бостан, егемен шағымызда қара дақ салып алғанымыз. 2011 жылы Жаңаөзенде билік өз халқына оқ атып, тарихи күннің қасиетін мансұқтады. Онда да өз хақысын сұраған қазақ жастары мерт болды. Салдарынан тәуелсіздік таңымызбен қатар құрбандарымызды да еске алатын күн болып қалды.
Атаулы күнге орай барша қазақстандықтарды мерекелерімен құттықтай отырып, 1986 жылғы Желтоқсан құрбандары мен 2011 жылғы Жаңаөзен-Шетпе құрбандарының рухына қайырлы дұға тілейміз!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш, ел іргесі бүтін болсын!