Германияда коронавирусқа қарсы енгізілген карантин 20 желтоқсанға дейін ұзартылып, елде жаңа шектеулер енгізілді.

Handelsblatt мәліметінше, соңғы бір тәулікте вирустан 410 адам көз жұмған. Ауруханалардағы интенсивті терапия бөлімінде науқастар қарасы көп. Үкімет басшысы азаматтардан жеке кездесулерден бас тартуды сұрап, компанияларды қашықтан жұмыс істеуге шақырды. Германия канцлері Ангела Меркель: «Қазір елде вирусты жұқтыру дерегі біраз төмендеп, денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық азайды. Бірақ босаңсуға болмайды. Елде өлім-жітім көрсеткіші жоғары», – дейді.

Экономика министрі Петер Альтмайердің болжамынша, күніне 20 мыңдай адам вирусты жұқтыруы мүмкін. Аустриямен шекаралас Роттал Ин ауданында барлық мектептер мен балабақшалар жабылды. Жергілікті тұрғындарға тек дәрігерге қаралып, дүкенге шығуға рұқсат. Сондай-ақ спортпен айналысып, үй жануарларын сыртқа шығара алады.

Өңірде ойын-сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынды. Театр, музей, бассейн, спорт залдар мен қоғамдық тамақтану орындары жабық. Германияның ірі шаһарларында маска тағу режимі енгізілді. Ереже бойынша бір жерде 10 адамнан артық жиналуға болмайды.

Қазір әлемде 60,3 миллион дерек тіркеліп, 1,42 миллион адам ажал құшқан. Германияда дертке шалдыққандар саны миллионға жуықтады. Еуропада вирустың өршуіне байланысты бірқатар мемлекеттер жаппай оқшаулау режиміне көшті.

"The Qazaq Times"