Францияда бір күнде 30 мыңнан астам вирус дерегі тіркеліп, мемлекет қайтадан тұтас оқшаулау режиміне көшті. Егер вирус көрсеткіші 5 мыңға дейін азайса ғана қатаң шектеу шараларын жеңілдетуге болады. Бұл туралы президент Эммануэль Макрон халыққа жолдаған телеүндеуінде хабарлады.
Елдің барлық аумағы бойынша енгізілген қатаң шектеу шаралары ертеңнен бастап 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Енді тұрғындар тек жүгіруге, жұмыс пен мектепке, дүкен мен ауруханаға немесе мемлекеттік ұйымдарға ғана бару үшін сыртқа шыға алады. Оның өзінде арнайы рұқсат қағазы болуы тиіс.
Халыққа үндеуінде президент Эммануэль Макрон: «Еуропаның өзге елдеріндегі жағдай бізде де туындады. Францияда қауіпті вирус тез тарай бастады. Күн суыған соң да коронавирус үдеп келе жатқан болар. Жағдайдың ушыға түскеніне бәріміз де алаңдап отырмыз. Кей елдер бізден де қатаң шараларды қабылдаған екен. Індеттің екінші толқыны біріншісінен де қиын болуы ықтимал деген де болжам бар», – дейді.
Жаңа талаптарға сәйкес кафе, мейрамхана, мәдени және ойын-сауық мекемелер уақытша жабылады. Дегенмен, балабақшалар мен мектептер жұмысын жалғастыра береді. Студенттер болса, сабағын онлайн форматта оқымақ.
16 қазаннан бастап елде 4 аптаға төтенше жағдай енгізіліп, карантин шаралары күшейтілді. Билік оны қарашаның соңына дейін созуды көздеп отыр. Тәртіпке бағынбағандар бірінші рет ереже бұзса 135 еуро көлемінде, ал екінші қайтара тіркелсе 6 500 еуро айыппұл төлейді. Мұнымен қоса, кинотеатр, театр, кафе-барлардың жұмыс уақытына шектеу енгізілген. Алдағы бірнеше айда Париж бен тағы 8 ірі қалада мерекелік кештер ұйымдастыруға тыйым салынған. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік компания қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшірілді.