Осыдан төрт жыл бұрын жерді шет ел азаматтарына сату және жалға беру жөнінде билік көтерген бастама халық қарсылығына ұласты. Жер дауынан шықан өртті басу үшін, сол кездегі ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіне өзгертулер енгізуге бес жылға мораторий жариялады.

Бірақ билік, халықтың жаппай наразылығынан сескеніп, аяқ тартты десек те, әлі күнге өз райынан қайтпаған сыңайлы. Оның анық-қанығы 2021 жылдың 31 желтоқсанынан кейін белгілі болады. Өйткені бұл мораторий аяқталатын мерзім. Осы күн жақындаған сайын, ел ішінде де жерге қатысты бастамалар қайта көтеріле бастады. Соның бірі – «Ел мен жер» қозғалысының құрылуы. Бұл қозғалыстың жер мәселесіне қатысты не іс атқармақ екенін білу үшін, бастамашыл топтың жетекшісі, мемлекет қайраткері Балташ Тұрсымбаевты әңгімеге тарттық.

- Балташ Молдабайұлы, «Ел мен жер» қозғалысын құру жөніндегі бастама жерге қатысты жарияланған мораторий мерзімінің аяқталуына дайындықтың шарасы деп айта аламыз ба?

-Дөп тидің! Мына билік сүйкімі мен сенімін әдбен кетірген билік. Ертең мораторий біткен кезде қандай қадамға барары белгісіз. Сондықтан, сол күнге ел болып, алдын-ала дайындалуға міндеттіміз.

Соңғы жылдары жерге қатысты мәселе ушығып барады. Сол себепті азаматтық қоғам белсенділерінің бір топ өкілінің бастамасымен «Ел мен жер» қозғасылысын құруды жөн көрдік. Бұл – уақыт талабы болып тұр. Өзімізге, осы қозғалыс арқылы жеріміз бен елімізді сақтап қаламыз деген мақсат қойдық. Одан басқа мақсат жоқ. Бабаларымыз аманат еткен жерден айырылып қалатын болсақ, өзге көтеріліп жүрген дүниелердің түкке қажеті болмай қалады. Сондықтан біздің таңдаған жолымыз – еліміз бен жерімізді сақтап қалу. Қазақ елінің жері – осы жерді мекен етіп отырған қазаққа ғана тиесілі. Осыны мәңгілікке шегелеп қоюымыз керек!

- Ал егер бұл қозғалысты билік мемлекеттік тіркеуге алмайтын болса ше?

- Біз оған қарайын деп отырған жоқпыз. Қалай болғанда да, жер үшін күресімізді жалғастыра береміз. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанға тиесілі жердің ұлтарақтай бөлігі де шет ел азаматтарының қолына өтпеуі керек. Тіпті ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер Қазақстан азаматтарына да сатылмауы тиіс. Жерде жұмыс істегісі келсе, жалға алсын. Бұған қоса, егістік, шабындық және жайылым жердің ешкімге сатылмауын талап етеміз. Егістік жерлер жалға берілгенімен, жайылымдар ауыл тұрғындарына ортақ болу керек. Бұлай жасамасақ, ауыл шаруашылығын дамыта алмаймыз.

Өзіңіз қараңыз, мал санын көбейткеннен не пайда, егер сол малды жаятын жерің болмаса. Жер мәселесінің дұрыс шешімін тапсақ, бес жылдың ішінде мал санын екі есе өсіретін мүмкіндік толықтай бар.

Бүгінгі таңда, ауылда тұрып жатқан қарапайым адамдардың мал жаятын, шөп шабатын жері жоқ. Жердің бәрін жергілікті олигархсымақтар алып қойған. Ол жерде мал да жайылмайды, шөп те шабылмайды. Қаншама жерді астарына бекер басып отыр.

- Олай болса, жерді сақтап қалудың қандай амалы ойларыңызда бар?

- Бірінші кезекте, жер мәселесін жатсақ та, тұрсақ та көтеру керек және ол тек қана «Ел мен жер» қозғалысының жұмысы емес, бүкілхалықтық іс екенін түсінуіміз қажет. Сондықтан, жерім, елім деп еңіреген барша азаматтардың басын біріктіру – біз үшін бірінші кезектегі мақсаттардың бірі. Бұл іске жастарды барынша тартамыз.

Бұдан бөлек, президент, парламент пен үкіметтің алдына талап қоямыз. Жерге қатысты талаптарымызға билік құлақ аспаса, заңды құқығымызды пайдаланып, митингтер ұйымдастырамыз. Бұл митингілерді тек ірі қалаларда ғана емес, ауылдарда да өткіземіз. Мораторий аяқталатын уақытқа дейін елдің талабын заңдастырып үлгеруіміз қажет. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін.

-Ауылдан шыққан, талай жыл елдің ауыл шаруашылығы саласын басқарған азамат ретінде айтыңызшы, осы саланың әлеуеті мұнай-газ саласымен бәсекелесе ала ма?

- Турасын айтар болсақ, біздің билік, еліміздің мұнай саласының 42 пайызын Қытайға сатып жіберді. Мұнай өңдейтін үш зауыттың екеуі, тағы да сол Қытайдың еншісінде. Мен Шымкент пен Павлодардағы зауыттарды айтып отырмын. Енді осы зауыттардың иесі қазақтар деп те айта алмаймыз.

Бұдан бөлек, ғылыми техниканың дамуы энергия көзін күн мен желден алуға мүмкіндік беріп отыр. Автоөндірісте де кейінгі кезі электр қуатымен жүретін бағыт қарқынды дамып келеді. Еуропа елдерінің көбі табиғи газға көшіп жатыр. Бұл дегеніміз – келешекте мұнайдың қажеттілігі азаяды деген сөз.

Сол себепті, мемлекетіміздің болашағын ойласақ, ауыл шаруашылғын дамытуды тез арада қолға алу керек. Кең байтақ жерімізден жылына 35-40 млн тонна дәнді дақыл алатын толық мүмкіндік бар. Биыл 20 млн тонна дәнді дақыл жинадық деп отыр, оның бәрі өтірік! Егер, Қазақстан 40 млн тонна дәнді дақыл өндірсе, оның 30 млн тоннасын сыртқы нарыққа сата аламыз.
Қараңыз, биыл мұнайдың бағасы төмен құлдырады, ал бидайдың бағасы 200 АҚШ долларын ұстап тұр. Астық жыл санап тек қымбаттай береді. Осының өзі, ауыл шаруашылығы мұнаймен бәсекелесе ала ма деген сұраққа жауап береді.

Оның үстіне, елдегі мал шаруашылығының мүмкіндігін есепке алыңыз. Яғни, егер мемлекет ауылшаруашылығын дамытуға шындап көңіл аударатын болса, біз мұнай-газ секторынан келетін кірісті агрокешеннің есебінен толытыра аламыз.

-Ал Қазақстандағы ауыл шаруашылығының бүгінгі ахуалын қалай бағалайсыз?

- Кез келген нәрсені салыстырмалы түрде қараған дұрыс. Мысалы Алматы облысын алайық. Осы өңірдің ауыл шаруашылығына қатысты статистика мәліметтерін шолып шықтым. 1995 жылмен салыстырғанда, мал саны мен сүт өнімдері екі есе өскен. Сексенінші жылдары құлдырып, зауыттары жабылып, жоғалып кеткен қант қызылшасы қайта жанданды. Мен сол кезде «Госагропромның» төрағасы болғам, жағдайды жақсы білемін. Қант зауытының қондырғылары металлоломға өтіп кеткен нағыз құлдырау кезеңі еді.

Бүгінгі таңда 1980-90 жылдармен салыстыратын болсақ, қызылша өнімі он есеге өскен. Осы үрдісті жалғастырсақ, жақын арада Қазақстан өзін-өзі қантпен толықтай қамтамасыз етеді. Осының өзі үлкен жетістік.

Бұдан бөлек, Алматыны әлемге әйгілі еткен Алматы аппортын өсіру жұмысы қайта қолға алынды. Бар нәрсені бар деп айту керек. Бұл бірінші кезекте облыс басшысы Амандық Баталовтың атқарған еңбегінің нәтижесі. Өйткені ол көп сөзі жоқ, істің адамы. Өкінішке қарай басқа өңірлердегі жағдай мәз емес. Мысалы Ақмола облысын алайық. Ол да жері құнарлы өңір. Облыс басшысы – Ермек Маржықпаев. Кабинетінен шықпайды, халықпен сөйлеспейді.

Кезінде бүкіл кеңес одағына дүркіреп тұрған Ақмола облысының диханшылары бүгін 1 гектардан 10 ғана центнер өнім алып отыр. Бұл – өте аз көрсеткіш. Кем дегенде 20 центнер алу керек еді. Оған жеріміздің құнарлылығы мен мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін жермен жұмыс жасап, шаруашылықтарға қолдау көрсету қажет. Ақмола өңіріндегі мал саны да екі есе азайып кеткен. Бұдан бөлек осы аймақтағы элеваторлар қытайлықтарға сатылып жатыр. Бұл барып тұрған бассыздық. Өйткені элеваторды алды деген, жерді алды дегенмен бірдей.

- Соңғы күндері әлемжеліде қырғыздарды мақтап, қазақтарды жасқаншақ етіп көрсету үдей түсті. Шынында да, мына бір жайт назардан тыс қалып отыр. Қырғызстанда парламенттік сайлауға 16 партия түсті. Оның он шақтысы оппозициялық партиялар. Ал бізде болса, халықпен жұмыс жасайтын оппозициялық партиялар атымен жоқ. Ондай партия жоқ жерде, белсенділік қайдан болсын?

- Жаңа айтып кеткенімдей, бізде революцияға алып келетін алғышарттар жетерлік. Егер революция болса, ол қырғыз ағайындардың революциясынан әлде қайда күшті болады. Сондықтан, бүгінгі билік, азаматтық қоғам өкілдерінің көтерген мәселелеріне құлақ асып, тиісті қадамдарға баруы керек. Олай болмаса, кейін кеш болып қалуы мүмкін.
Қараңыз, банк саласы толығымен Назарбаевтың отбасы мен жақын жүрген айналасындағылардың қолында. Мұнай саласын тағы сол Назарбаевтың отбасы иемденіп отыр. Партияларымыздың бәрі Назарбаев саясатын қолдаушылар. Назарбаев жат десе жатады, тұр десе тұрады. Шынайы халықтық партияны тіркемейді. Әрине бұл жағдай Қырғызстанмен еш салыстыруға келмейді.

- Осы жағдайда, алдағы болатын парламенттік сайлауда азаматтық қоғамның күні не болмақ?

- Азаматтық қоғам бірігіп, сөзі бір жерден шығып, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізуді талап етуіміз керек. Егер заңды өзгертпесе, ондай сайлауды өткізбей ақ қойсын. Сайқымазақ сайлау елге қажет емес. Бұл мәселе Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында. Қазіргі парламенттің өкілеттілігі келесі жылы 21 наурызда бітеді. Парламент жоқ кезде, заң шығару өкілеттігі президентке өтеді деп заңда жазылған. Сол мүмкіндікті пайдаланып, нағыз демократиялық реформалар жасау Тоқаевтың қолында. Алайда Тоқаев ол мүмкіндікті пайдалана ма, ол басқа мәселе.

- Украина мен Қырғызстан демократиялық даму жолына түсті деп айтқанымызбен қарапайым халықтың жағдайы түзелмей отыр. Сонда жемқорлық демократиядан да мықты болғаны ма?

- Бұл сұрақтың басқа да мысалы бар. Грузия коррупцияны жеңді. Біздің елімізде де Грузия секілді демократиялық реформалар жүргізіп, заң диктатурасын орнатсын. Біздің халық грузиндерден еш кем емес.

Бүгін-ертең, Грузия да дамыған мемлекеттердің қатарына енеді. Бұл Михаил Саакашвилидің жасап кеткен еңбегі. Ал Украинаның бүгінгі басшысы комик, оларға осы кезге дейін көмектесіп келген АҚШ пен Еуропа мемлекеттері ендігі кезекте инвестицияларын азайтты. Өйткені Украина жемқор ұрыларын жеңе алмады.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,
«D»
«DAT». 15.10.2020.