Денсаулық сақтау министрлігі 1,5 ай бұрын іске асуы тиіс коронавирус пневмониясының аймақтардағы статистикасын енді жариялай бастады. Алғаш рет ашық дереккөзде 14 қыркүйекте жарияланған.
Тамыз айының басында коронавирус пневмониясы жаңа форматта есепке алынғалы бері Шығыс Қазақстан облысында дерт өршіп тұр.
Коронавирус бойынша астана (14 мың) және Алматы (14 мың) қалалары, Атырау (11 мың), Қарағанды (10 мың) облыстарында науқастар көптеп тіркелген. Ал коронавирус пневмониясына шалдыққандардың ең көбі ШҚО (4,3 мың) және астана (3,8 мың), Алматы қаласында (3 мың). Бұл деректер 23 қыркүйекке дейінгі мәлімет.
Әлем елдері екі кодпен белгіленетін аурудың түп негізі бір болуына байланысты қосып есептейді. Дегенмен Қазақстан екеуін бөліп-жарып қарайды. Коронавирус туралы ақпарат күнделікті жүйелі жарияланса, коронавирус пневмониясы аптасына, кейде декедасында бір жаңарады. Тоқаевтың «шындық ащы болса да дерек бірізденуі тиіс» деген тапсырмасына қарамастан Үкімет пен ДенМин әзірге бұл кемшілікті мойындағысы жоқ.
Биыл жазда «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған Қазақстан Үкіметінің дерегінше, 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 32 мыңға жуықтаған. 13 наурыздан бері билік мойындаған COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 107 мыңға өскен.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 138 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2,6 мыңнан көбі (КВИ+ / U07.1 – 1 711, КВИ- / U07.2 – 346, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.