Бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары» тақырыбындағы онлайн-брифингте Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов алматылық бизнес нарығындағы «ерекше құбылыс» туралы сөз етті.
«Сауда-саттық, туризм, қоғамдық тамақтану орындары және қонақ үй кәсіптерін субсидиялау қолға алынды. Осы орайда кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Алматы қаласында Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы аясында 22 қыркүйекке дейін 94 млн теңгеге 55 жоба қаржыландырылды. Бұл ары қарай жалғасатын болады. Сонымен қоса, қала әкімдігінің тапсырмасы бойынша өңірлік палата бірігіп, арнайы коммуникатор іске қосылды. Ресурсқа 12 мыңнан астам тауар түрін өндіретін қаланың 512 кәсіпкер кірген. Атамекен құзіретіндегі арнаулы сертификатты алғандар қатары былтырға қарағанда 30-35%-ға артып отыр. Бұл оң өзгеріс. Кәсіп бастауға ынталы азаматтарға 8 ауданда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында тегін кеңес ала алады. Мәселен, мұнда бухгалтерия және статистикалық есепке, заң саласы мен маркетингтік, мемлекеттік сатып алу бағытында көмек көрсетіледі», – дейді Әбілшайықов.
Алматы қаласындағы кәсіпкерлер палатасының басшысының мәліметінше, биыл көлемі 4,153 млрд теңге бизнес жоспар әзірленген. Оның ішінде екінші деңгейлі банктерден 801 млн теңге сомасына 64 жоба мақұлданыпты. Бастау бизнес курсы шеңберінде маусым айынан бастап 2287 тыңдаушы аяқтап, оларға әрқайсы 200АЕК көлемінде 1705 грант бөлінген. Бүгінге дейін 320 тыңдаушы өз кәсібін ашқан көрінеді.
Атамекен мобильді жұмыспен қамтуға арналған 12 орталыққа жүгінген 65 мыңнан астам адамның небәрі 2895-і жұмысқа орналасқан. Яғни 22-ден бір бөлігі немесе 4,4%-ы ғана жұмыс тапқан.
QT редакциясының журналисі қойған сұраққа «ТЖ кезінде кәсіпкерлердің 60-70%-ы, 60-70 мыңы жұмысын тоқтатты. Статистикаға сүйенсек, байланыс және ақпарат саласынан өзге барлық бағыттарда теріс динамика көрініп отыр. Сондықтан рецессия деуге келеді. Салық төлеу мәселесі бойынша бюджетке 30-35 млрд теңге қаржы түспеген», – деп жауап берді палата басшысы.
8 мыңнан астам кәсіпкер әлі күнге дейін жұмысын жандандыра алмай отыр. Тамыз айының басындағы статистикаға сенсек, қала аумағында заңды тіркелген 201 мың кәсіпкер жұмыс істейді.
«Бірақ карантин шараларына қарамастан, сәуір айынан бастап кәсіпкерлер саны тағы 6 мыңға өсіп отыр. Неліктен бұлай болғанын өзіміз әлі де түсінбей отырмыз. Жарты жылда 2,5%-ға артқан кәсіпкерлердің арту себебін, салаларын зерделеп-талдап жатырмыз», – деді ол.