«Нашақор, басбұзарлар мен позициясы жоқ жастар!» Бұл – ширек ғасыр ел басқарған Александр Лукашенконың Беларусь халқына берген бағасы. Биліктің дәл осындай бағасы Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, Қырғызстан мен Өзбекстанда 2005 жылы болған төңкеріс, Ресей мен Украинадағы қанды қырғындар кезінде де айтылған.
Посткеңестік мемлекеттер саясатында тағы бір ортақ парадокс бар: бір сәтте билік халықпен диалог орнатпақ болады, бірақ наразылықты күшпен басуын жалғастыра береді. Мәселен, өткен аптада Беларусьтегі президент резиденциясына сайлау қорытындысымен келіспейтіндер жиналған кезде, Лукашенконың көмекшісі халықпен кездесуге шықты. Ол елде конституциялық реформа жүргізілетінін айтты. Алайда, содан кейін оппозиция құрған Үйлестіру кеңесінің мүшелерін тұтқындау, елден қудалау басталды. Яғни демократия жолындағы күрескерлерді қаралау – ұстанымы мен саясаты ортақ авторитар үкіметтердің тұрақты әдісіне айналған сыңайлы.
Кейіннен билік өз жақтастарын демонстарттарға қарсы шеруге шығарды. Минскіде өткен «Беларусь үшін» әйелдер форумы осыған дәлел. Шеруге шамамен 13 мың адам қатысып, бірауыздан сайлау қорытындылары ешқандай күмән тудырмайтынын айтты.
Бүгін Беларусьтегі 9 тамызда өткен президенттік сайлаудан кейін басталған наразылық шерулерінің алтыншы аптасы өтті. Билік әлі күнге дейін халықпен диалог жүргізбегендіктен, елдегі шерулердің кульминациясы анықталған жоқ.
Күні бүгінге дейін Беларусьтің күштік құрылымдары манифестанттарға қарсы тұру тактикасын әзірлегенімен, президент Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап ететін шерулерге қатысушылардың саны азайған жоқ. Алайда, Минск көшелеріндегі он мыңдаған адамның наразылығы нәтижесіз боп тұр.
Жаңа манифест жолында
Беларусьтегі демократия жолындағы күрестің алтыншы аптасы өтті. Шерудің үшінші аптасынан бастап телеграм чаттарда манифест күні, өтетін орны, уақыты алдын-ала жариялана бастады. Яғни жер-жердегі митинг жоспарлы, мақсатты түрде ұйымдастырылып келеді. Митингке шыққан жас пен кәрінің ұраны бір – әділ сайлау өткізіп, сөз жүзіндегі демократияны іс жүзінде орнату.
Басқа да посткеңестік елдердегідей Беларусьте де халық толқуларын күшпен басу, тосқауыл болу қайталанып жатыр. Милиция, ОМОН және әскери бөлімшелердің күшейтілген жасақтары митинг өтетін күні таңертеңнен бастап қаладағы ең маңызды нысандарды күзетіп, негізгі магистральдарды жапты. Адамдардың шеруге шығуына жол бермеу үшін «профилактикалық» ұстауды бастады. Сонымен бірге орталық метро станциялары жабыла бастады, мобильді интернеттің жұмысында шектеулер болды. Бұл – Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан сынды жүйесі ұқсас мемлекеттерге ортақ әдіс.
Қазақстанда да осыған дейін митингке шыққандарды қамауға алу, айыппұл салу, шеру кезінде ғаламторды бұғаттау, журналистер қызметіне тосқауыл болу бірнеше мәрте қайталанған. Мәселен, 22 ақпанда өткен митингте билік наразыларды күшпен тарқатпақ болды.
Митинг белгіленген күні Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе қалалары және астанада белсенділерді полиция күштеп ұстап әкетті. Жер-жерде ұсталғандар «Шал, кет!», «Оян, Қазақстан!», «Назарбаев кетсін! Дариға кетсін!» деп ұрандатты. Бір Алматының өзінде жалпы саны 200-ге жуық адам ұсталды. Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында күзет күшейтіліп, 20-дан астам адамды полиция әкеткен. Таразда да орталық көшелерде арнайы жасақ жұмылдырылды. Ақтөбе мен астанада полиция кем дегенде он адамды әкетті. Митинг жоспарланған аймақтарда ғаламтор жұмысы нашарлаған. Қазақстан билігінің митинг кезіндегі жаппай ұсталу жөнінде халықаралық ұйымдарға «арба да сынған жоқ, өгіз де өлген жоқ» деген есебі мен де-фактодан алыс мәлімдемелері шындық детекторынсыз-ақ «су бетіне» қалқып шықты.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл жөнінде мәлімдеме жасап, Қазақстан билігі бейбіт митинг кезінде ұсталғандарды босатуы тиіс деген талап қойған. Аталған ұйым Қазақстан билігі бұл әрекеті арқылы кезекті мәрте «сөз бостандығын және адам құқығын таптайтын билік екенін дәлелдеді» деп, митингте белсенділерді автозакқа күштеп мінгізген ІІМ қызметкерлерінің әрекетін «масқара, ұят» деп сынға алды.
Беларусьтегі ахуал да халықаралы құйымдар тарапынан сынға ұшырады. Биліктің тәуелсіздік алған уақыттан бастап бүгінге дейін бір ғана адамның қолына шоғырлануы да Беларусь халқыныңнаразылығын туғызған. 30 жылдай Қазақстан билігіне иелік еткен Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен өз еркімен кетті. Әйткенмен, ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың орнына президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт митинг, саяси партия туралы заңға өзгеріс енгізіп, «естуші мемлекет» тұжырымдамасы бойынша әрекет етуге уәде берген. Алайда шетелдік сарапшылар мен елдегі саясаткерлер «Ақорданың» «Кітапхана» ықпалынан шыға алмайтыны бірнеше мәрте айтылды.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Қазақстан билігін азаматтардың пікір білдіру еркіндігін, бейбіт жиындар мен бірлесу бостандығын пайдалану құқығын қамтамасыз етіп, митинг туралы заңды халықаралық стандартқа сәйкестендіруге шақырып келеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар үкіметі әзірлеген бейбіт митинг туралы жаңа заң жобасында азаматтардың конституциялық бостандықтарын пайдалану құқығын шектейтін бұрыннан келе жатқан ережелер барын айтады.
«Әділет маршы»
Кеше «Минск – батыр қала» стеласы орнатылған Жеңіс саябағының маңында мыңдаған адамдар жиналып, тәуелсіздік сарайынан президент резиденциясына қарай бет алды. Бұл – барлық жексенбілік акциялардың дәстүрлі бағыты десек те болады.
Осы жолы да күшпен ұстау, ғаламторды бұғаттау қайталанды. Арнайы жасақ кейбір көшелерді, Тәуелсіздік даңғылын да жапқан. Ресми мәліметтер бойынша, бір күнде Лукашенкоға қарсы 100мың адам шеруге шыққан. Құқық қорғаушылар 200-ден астам адамның ұсталғанын хабарлады. 20 қыркүйекте Беларусьтегі демонстранттарды қолдаған ынтымақтастық акциялары өтті. Дәл осындай акция Франция, Бельгия қалаларында, Киев, Санкт-Петербургте өткен.
Жексенбіде наразылық шерулері Минскте ғана емес, Бобруйск, Гродно, Могилев, Солигорск, Лида, Мозыр, Гомель, Витебск қалаларында өтті. Барлық жерде құқық қорғау органдары наразылық білдірушілердің ұсталуына кедергі жасауға тырысты. Беларусь журналистер қауымдастығының хабарлауынша, Могилевте журналистер – Белсат телеарнасының екі қызметкері ұсталған.
Бресте құқық қорғау органдарының қызметкерлері наразылық білдірушілерге қарсы көз жасаурататын газ қолданып, әуеге оқ атқан. Мұны Беларусь ІІМ баспасөз хатшысы Ольга Чемоданова растады.
Жалпы осыған дейін ел бойынша 130-дан астам адам ұсталған. Атап айтқанда, Минскідегі оппозиция шеруінде 83 адам, оның ішінде президенттікке экс-кандидат Светлана Тихановскаяның сенімді өкілі – Олег Моисеев ұсталды.
Еске салсақ..
9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болды.
Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық басталды. Шеруге шыққандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері соққыға жығып, көз жасаурататын газ қолданған.
Елдегі ахуалдан кейін Еуропалық одақ пен АҚШ Беларуське санкция енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Санкция 21 қыркүйекте күшіне енуі тиіс. Ресми өкілдер санкция тізімін кеңейтуге болатынын айтты. Санкция мақсаты – Беларусь билігі мен оппозциясы арасындағы келіссөздерді бастау.